Алматыда Орталық коммуникациялар бөлімшесі жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Орталық коммуникациялар бөлімшесі жұмысын бастады

15.04.2014
Алматыда Орталық коммуникациялар бөлімшесі жұмысын бастады
Бүгін Алматыда Орталық коммуникациялар қызметінің бөлімшесі ашылды. Алғашқы жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына арналды. Оған мегаполистегі этномәдени бірлестік өкілдері қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.  
 
Бір ғана Алматының өзінде 120-дан астам этнос өкілдері тұрады. 34 этномәдени бірлестік бар. Ал, 22 адам Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Барлығы да қазір 21-сессияға дайындалып жатыр. Елдің ынтымағын жарастырып отырған ұйымның бүгінде мемлекеттің қоғамдық, саяси өмірінде алатын орны зор.
 
Еліміздің дамуына лайықты үлес қосып, күннен-күнге қанатын кеңге жайып келе жатқан ұйымның алдында тұрған міндеттер әлі де көп. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі мен мұқтаж жандарға қаржылай көмектесу мәселесі бірінші кезекте тұр.
 
Басқосуда сөз алған түрік диаспорасының өкілі «Қазақстанда қалыптасқан ұлтаралық қатынас моделінің әлемде баламасы жоқ», - деп атап өтті. Ал, Орталық коммуникациялар қызметінің бөлімшесі енді ай сайын баспасөз мәслихатын өткізіп тұратыны мәлімделді.
 
Қазақбай Таштемірұлы, Түрік этномәдени бірлестігі басшының орынбасары:  
Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде ұлт пен ұлыстардың, этностардың кез келген халықпен терезесі тең, керегесі кең екендігін көрсетіп отыр.
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу