Щучье-Бурабай курортты аймағының туризм саласындағы әлеуеті жоғары. Ол халықаралықEXPO-2017 көрмесіне дейін барлық туризм талаптарына сай келетін, материалдық-техникалық базасы бекіген алып демалыс кешеніне айналады.
Бұл туралы Бурабайда өткен «Туризм. Сауықтыру және саяхат-2014» атты Ақмола өңірлік туристік жәрмеңкесінде айтылды.
Шараға еліміздің 12 аймағы мен Ресейдің туризм саласының мамандары қатысты. Олар өздерінің қолөнер туындылары мен туризмді дамытуға септігін тигізеді деген дүниелерін ала келген.
Виктор Алелуев, Омбы облыстық спорттық туризм федерациясының президенті:
Бұл жәрмеңке бізге жаңа маусымға жақсы дайындықпен кірісуге, жақсы серіктес табуға және өзіміздің туристік өнімдерімізді көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда біз Қазақстанның саладағы әлеуетін байқап, осындағы демалыс орындарымен танысамыз.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты - Бурабай аймағының туристік ахуалын жақсарту. Ең әуелі инфрақұрылымға мән берілуі тиіс. «Мұндағы жолдың сапасы сын көтермейді», дейді қатысушылар.
Асқар Мұратұлы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Бурабай ауылының жолын жөндеудің үш кезеңі бар. Соның бірінші кезеңі аяқталу тұсында. Екінші кезеңі басталды. Қаражаттың жетіспеуінен жұмысты толық көлемде атқара алмай отырмыз.
Түгелбай Бекбергенов, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің өкілі:
Елбасының ішкі туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасы бар. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі осы мақсатта жаңа концепция жасады. Енді 2020 жылға дейін елімізде туризмді дамытуға басымдық беріледі. Қазір әр аймақтарда осындай жәрмеңкелер өтіп жатыр.
Шараға жиналғандар Бурабайдың бұл салада келешегі зор екенін айтты. Ал, ақмолалықтар үшін тәжірибе алмасу жағынан тиімді болды. Бұл жәрмеңкенің тағы бір ерекшелігі - демалыс кешендері туристік компаниялармен келісімшартқа отырып, елдегі ішкі туризмнің қарқын алу жолында жұмыс атқара бастады.
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ