«Қорғас ісіне» қатысты үкім шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қорғас ісіне» қатысты үкім шықты

12.04.2014
«Қорғас ісіне» қатысты үкім шықты
Бүгін атышулы «Қорғас ісіне» қатысты сот үкімі шықты. Бір жылға жуық созылған процессте «Қалжат», «Қорғас» кеден бекеттері арқылы аса ірі көлемде экономикалық контрабандалық әрекеттермен айналысқан 45 адам жауапқа тартылды. Заң бұзушылықтан бөлек ұйымдасқан қылмыстық топ, қаржы полициясы мен Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне ірі көлемде пара ұсынып, өмірлеріне қастандық жасауды ойластырған. Лауазымдарына қарай, қызметтік бабын теріс пайдаланып, алаяқтық жолмен алынған ақшалар арқылы түрлі қаржылық операцияларды ұйымдастырған.
 
Сот үкіміне сәйкес, ақшаны қылмыстық жолмен заңдастырып, экономикалық контрабанда мен қылмыстық топ құрды деген айыппен Талғат Қайырбаев 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның көмекшісі Бақыт Отарбаев 13 жылға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Бақытбек Құрманғалиев 16 жылға, Кедендік бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаев 14 жылға, ал Талғат Жақаев пен Ерлан Әбдірахманов 17 жылға түрмеге жабылды. Барлық сотталушылар жазаларын қатаң режимді колонияда өтейді. Жақын күндері олардың дүние-мүлкі толығымен тәркіленеді. Оған қоса, Жақаев полковник, Әбдірахманов подполковник шендері мен бұған дейін алған мемлекеттік марапаттарынан қағылды.
 
Советхан Сәкенов, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың судьясы:
Сот үкімінің толық нұсқасы Жоғарғы соттың ғаламтор парақшасында ілінеді. 15 күн ішінде шешіммен келіспеген сотталушылар істің қайта қаралуына әскери сотқа өтініш берулеріне құқылы. Сонда қайта тергеу амалдары жүргізіліп, сараптамалар жасалады.
 
Осы іске қатысты басқа да айыпталушылар 5 жыл мен 10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды. Түрмеден шыққаннан кейін сотталушылар 3 жыл кәсіпкерлікпен айналыса алмайды және мемлекеттік қызметке жұмысқа алынбайды. Алайда, сотталушылардың қорғаушылары судья шығарған үкіммен келіспеді.
 
Елена Рыбенчук, Ерлан Әбдірахмановтың қорғаушысы:
Неге дәл сенбі күні үкім оқылғаны маған беймәлім, бұл менің еңбек тәжірибемде алғашқы рет болып тұрған жағдай. Өйткені, ресми түрде республика бойынша бұл демалыс күні және сенбіде мемлекеттік мекемелер жұмыс істемейді. Менің қорғауымдағы Әбдірахманов сот шешімімен келіспейді. Біз міндетті түрде аппеляцияға береміз.
 
Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік және Кедендік бақылау комитетінің лауазымды тұлғаларынан құрылған ұйымдасқан топ, 5 жыл бойы Қазақстан мен Қытай шекарасы арқылы жасырын тауар тасымалдаған. Олардың астыртын әрекеттерін 2011 жылы қаржы полициясы әшкерелеп, 45 адамды тұтқындаған. Тергеу амалдарынан кейін сот ісі өткен жылдың 20 маусымында басталды. Оған 4 прокурор мен 35 адвокат қатысып, бас-аяғы 600-ден астам куәгерден жауап алынып, 162 рет сот отырысы өтті.
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу