Бүгін - Халықаралық ғарышкерлер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Халықаралық ғарышкерлер күні

12.04.2014
Бүгін - Халықаралық ғарышкерлер күні
1961 жылы 12-сәуірде, Юрий Гагарин Байқоңырдан ғарышқа ұшты. Міне, сол күннен бері, сәуірдің 12-сі Дүниежүзілік космонавтика күні. Бұл күннің орны біз үшін де бөлек. Ғарыш айлағы біздікі болғаны себепті емес. Бізден де ғарышкер шықты. Әлі де шығады.
 
1961 жылы 12-сәуір. «Восток» ғарыш кемесі Юрий Гагаринді алып, зеңгір көкке қарай тартты. 108 минут шексіз кеңістікте болып, жерге оралды. Гагариннің осы сапарынан соң, 500-ден астам адам аспанда болыпты. 10 мыңға тарта зымыран зулапты көкке қарай.
 
Ғарышкерлер жерге оралады. Алайда, адамды, аппаратты көкке жеткізген көліктер сол аспанда қалып қоятыны бар.
 
Алмат Алтынбек, Райымбек батыр атындағы «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушысы:
Олар көп бөлшекке бөлініп кеткен. Олардың барлығы аспандағы бұлт сияқты. Жердің орбитасын орап тастаған.
 
Радио, телехабар байланысы үшін көкке жіберілген спутниктер, қызмет мерзімі аяқталғасын ешқайда кетпейді. Сол, баяғынша, гравитация әсерімен жерді айналып жүре береді. Мұнан бөлек, зымыранның бөлініп қалған құйрығы, шашылып қалған қаңылтыры, шегесі дейтін де дүниелер космоста қалқып жүр.
 
Алмат Алтынбек, Райымбек батыр атындағы «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушысы:
Ол орбитада 2 мың шақырым жылдамдықпен ұшып жүреді. Өзіңіз ойлап көріңіз. Сондай жылдамдықпен келіп, осы бір қымбат тұратын спутникті соқты дейік. Ол шашылып қалады. Тағы да спутник ұшырамыз. Оны да соғады. Бұл экономикалық шығын. Ал мынау құрылғы магниттік спутник. Космостық қоқысты жинауға арналған. Осы қанаттары арқылы жинайды. Қанаттарына қоқыс толған соң, жерге қарай түседі.
 
Жердің атмосферасымен жанасқан сәтте, спутниктің қоқыс толы қанаты өртеніп кетеді. Ал құрылғының өзі, арнайы парашютпен жерге аман-есен түседі. Яғни, ғарыш аппаратын бірнеше рет қолдануға болады. Алматтың бұл жобасына шетелдіктер қатты қызығып отыр. Әсіресе, Қытай мен АҚШ. Алайда, қазақтың да таласы бар. «Алматтың спутнигін Астанада құрастырамыз»,- деп Талғат Мұсабаев айтты.
 
Талғат Мұсабаев, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:
Астана жаңа қала аумағында космостық аппараттарды құрастыру және сынау орталығын құрамыз. Бұл дегеніміз жер серіктерін шығаратын үлкен зауыт. Біз спутникті өз жерімізде шығаратын мүмкіндікке қол жеткіземіз.
 
Айтпақшы, қазақ жастары жердің орбитасынан да алысқа кеткенін айттық па? Бұл оқушы айкезбенің жаңа түрін ойлап тауыпты. Тағы бір қыз бала. Зымыранға жаңа жанармай ойлап тапқан.  
 
Қысқасы, ғарыш саласын игеріп кете алатынымыз анық. Себебі идеяшыл, білімді жастарымыз өсіп келеді.
 
Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу