Тараздағы электр шамдарын шығаратын кәсіпорында кембағал жандар еңбек етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы электр шамдарын шығаратын кәсіпорында кембағал жандар еңбек етеді

11.04.2014
Тараздағы электр шамдарын шығаратын кәсіпорында кембағал жандар еңбек етеді
Он екі мүшенің сау болмауы  еңбек етемін деген адамға кедергі келтірмейді. Тараз қаласындағы электр шамдарын шығаратын кәсіпорында бірнеше мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істейді. Арнайы білімі болмаса да, олар өздеріне тапсырылған істі тиянақты атқарып жүр.
 
Ольганың тумысынан тілі кеміс. Бірақ, қайсібір тірлікке икемді, епті. Бұған дейін тігін ательесінде жұмыс істеген болатын. Кейіннен жабылып қалып, үйінде бос отырды. Электр шамдарын шығаратын кәсіпорынға жұмысқа тұрғанына бір айдың шамасы болды.
 
Ақжарқын мінезді бойжеткен мұндағылармен тез тіл табысып кетті. Өзінің қатар-құрбыларымен отырып, диот сымдарын жалғайды.
 
Ольга Колпаковажұмысшы:
Мүгедектігіме байланысты жәрдемақы аламын. Бірақ, еңбекпен табылған нан тәтті. Менің де ел қатарлы қолымнан іс келеді. Елге пайдам тисе, деймін. 
 
Талпынса, талаптанса кез келген істің көзін табуға болады. Жастайынан тілден қалған Игорь Лутяев ешқашан жұмыс таңдаған емес. Қолға алған ісін бар ынтасымен атқарады.
 
Игорь Лутяевжұмысшы:
Менің жұмысым дәлдікті, ұқыптылықты қажет етеді. Темір қаңқаларды өлшеп, кесіп беремін. Бұрын істеген жұмысым емес. Соған қарамастан тез үйреніп кеттім. Ешбір қиындығы жоқ.
 
Кәсіпорында Ольга мен Игорьдан басқа тағы 4 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істейді. Мұнда оларға барынша қолайлы жағдай жасалған. Тегін тамақ беріледі, қызметтік көлік жұмысқа апарып, алып қайтады.
 
Рамазан Баязитов, қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
Он екі мүшесі сау адамдармен бірге жұмыс істеп жатыр. Жұмыстарына ұқыпты.
 
Олар - қайраты мен жігері мұқалмаған жандар. Тағдырдың қиындығы сағын сындыра алмаған тараздық азаматтар кемтарлығына қарамастан, осылайша, елге пайдасын тигізіп отыр.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу