Шетелдегі қазақтардың елге оралуына кедергі көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдегі қазақтардың елге оралуына кедергі көп

11.04.2014
Шетелдегі қазақтардың елге оралуына кедергі көп
Атамекенді аңсап, қанша қол созса да, азаматтық ала алмай жүрген шетелдік қандастарымыздың қатары көбеюде. Қазақстан азаматтығын алу үшін  «Қытай азаматтығынан шықты», деген анықтама қажет. Ал, Қытай жағы ол анықтаманы беру үшін, «Қазақстан азаматтығын қабылдады»,  деген құжатты талап етеді, дейді қандастар. 
 
Бұл - кезінде «Nokia N96» смартфонын әлемге танытқан әйгілі жарнама. 2009 жылы Франциядағы Кан фестивалінде «Алтын арыстан», яғни, бас жүлдені алған. Авторларының бірі - қандасымызЕрзат Батайұлы. 
 
Ерзат   тек «Nokia» емес, «Mercedes-Benz», «BMW»«Adidas», «Nike» секілді әлемдік брендтердің жарнамаларын түсіріп, халықаралық фестифальдарда талай топ жарған.
 
Ян Керн, «Jqk Production» киностудиясының продюсері:
Мен алдымен қазақ деген ұлт туралы естігенде таңғалдым. Ерзатпен танысып, қазақтар өнерлі халық екенін білдім. Барлық қазақ баласы осы талантты досым секілді деп ойлаймын.
 
Ерзаттың жарнама мен кино саласында тәжірибесі мол. Білімін халқының игілігіне жаратып, қазақстандық мамандармен бірігіп,   осы салаларды дамытқысы келеді. 
 
Алайда, Отанына оралайын десе, орайы болмай тұр. Қазақстанға 2007 жылдан бері бірнеше рет келген. Елге қайтудың талай амалын қолданған, қыруар құжат жинаған. Барлығын толтырдым, түгендедім дегенде, екі елдің көші-қонға байланысты Заңдары қайшы болып шығады.
 
Ерзат Батайұлырежиссер:
Қытайда тұрақты тіркеу деген бар. Одан  шетелдің азаматтығын алғаннан кейін барып шыға аласыз. Ал, Қазақстан Заңы бойынша алдымен сол тұрақты тіркеуден шығасыз, содан кейін барып азаматтық алуға өтініш тапсырасыз деген Заң шығыпты.
 
Тәуелкел, деп тұрақты тіркеуден шығайын десе, Отанға оралғанда азаматтық алатынына тағы да кепілдік жоқ.   Ертең не қытайлық не қазақстандық бола алмай, айдалада қаламын ба, деген үрей бар, дейді.
 
Ерзат Батайұлы, режиссер:
Өз еліңе орала алмай жатқаның қиын. Жоғарыдағы кісілер  іс бітіре алмай ма, әлде біздің талантымыз, ұсынысымыз жетпей ме, түсінбеймін.
 
Бұл жайт - тек Ерзаттың емес, талай қытайлық қандастарымыздың қайтуына кедергі болып тұр. Қытайда өнерлі, өз ісіне шебер қазақ жастары жетерлік. Азаматтық алудың шарттары жеңілдетілсе, дереу-ақ қайтуға дайынбыз, дейді олар. 
 
Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу