Бүгін елімізде көктемгі әскер қатарына шақыру науқаны басталды. Қорғаныс министрлігінің барлық жергілікті департаменттері тіркеуде тұрғандарға шақырту жіберуде. Ал медициналық комиссияның жұмысы үш айға созылады.
Биыл болашақ сарбаздарға қойылатын талап та қатал. Олар дәрігерлік тексерістен бөлек, психологиялық тестілеуден өтеді. Сыннан сүрінбегендері - әскер қатарын толықтырады.
Досымжан Ермұрат, тілші:
Бүгін 18-26 жас аралығындағы Астана қаласының азаматтары мынау жинау пунктіндегі медициналық комиссиядан өтуді бастады. Дәрігерлік тексерістен тек, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, бойы 165 сантимтерден кем емес жігіттер ғана өтеді. Басымдық арнаулы орта және жоғары білімі барларға беріледі. Медициналық комиссияның жұмысы 25 маусымда аяқталады.
Шақырту алған Әбілда, бүгін медициналық комиссиядан өтуге келді. Жасы он тоғызда. Колледжді былтыр ғана бітірді. Мамандығы заңгер. Қазір күзетші болып қызмет етеді. Әзірге дәрігерлер Әбілданың денсаулығынан бір мін таппады. Егер психологиялық тестілеуден өтсе, Республикалық Ұланның қатарына қабылдануы мүмкін.
Әбілда Мұсаев, әскер қатарына шақырылушы:
Қазақстаным үшін әскерге барғым келеді. Әскерге барлық жағынан дайынмын. Физикалық, моральдық және психологиялық жағынан.
Бүгін мұнда Әбілда сияқтылардың қарасы көп. Бәрінің мақсаты - Отан алдындағы борышын өтеу. Жалпы Астана қаласынан 500 бозбала әскерге алынады. Олар үш ай бойы 6300 адамнан іріктеледі.
Гүлнар Мұсабайқызы, дәрігер:
Олардың денсаулықтары қалыпты. Былтырғымен салыстырғанда жақсы деп айтуға болады. Балалардың жүйкелерінде ауытқулар жоқ. Психолиялық жағынан тұрақты.
Көктемгі науқан кезінде республика бойынша 12 мың адам әскер қатарына қабылданады. Оның бес мыңы ішкі әскерлер мен шекара қызметіне жөнелтілсе, алты мыңы Қарулы Күштердің сапын толықтырады. Үш жүзі Республикалық ұланға жіберіледі. Қалғаны Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне барады. Ең бастысы жігіттеріміз әскерге баруды армандайтын болды.
Амантай Өсербаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Ұйымдастыру және жұмылдыру жұмыстары департаменті басшысының орынбасары:
Әскер қатарына азаматтар тек әскери билет алу үшін барады деген пікір бар. Мен айтайын ол жаңсақ пікір. Өйткені қазіргі таңда азаматтарымыздың отаншылдық сезімі өте жоғары.
Байқағанымыз, жігіттер жігерлі. Елдің іргесін кірпік қақпай қорғауға дайын. Олар осындай бірлігі мент тірлігі жарасқан Отанда осалдар болмау керек дейді. Болашақ сарбаздардың алғашқы легі әскерге 15 сәуірден кейін аттанады. Олардың қатарында Әбілда Мұсаев та болуы мүмкін.
Досымжан ЕРМҰРАТ