Қостанай қаласының тұрғыны Александр Сметановскийді қазақ достары - Ескендір Қаймақбаев деп атайды. Жастайынан жергілікті ұлттың салт-дәстүрін дәріптеп өскен азамат қазақ тіліне жетік, домбыра тартып, ән салады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу - ел бірлігінің кепілі. Ал,Қазақстан Халқы Ассамблеясы тәрізді беделді құрылым - біздің осы біртұтастымызға ұйытқы болып отыр, дейді.
Қостанай облысында 376 мың орыс тұрады. Бұл - жалпы тұрғындардың 42 пайызы. Осы ұлысқа рухани ұйытқы болу мақсатында 10 жыл бұрын орыс этномәдени ұйымы құрылды.
Қоғамдық құрылым содан бері ұлтаралық түсініспеушілікке жол бермеу, татулық пен тұтастықты сақтау жолында қызмет етіп келеді. «Бұл міндетті орындау бізге ешуақытта ешқандай қиындық тудырған емес», дейді ұйым төрағасы.
Юрий Ивлев, Орыс этномәдени ұйымының төрағасы:
Біріншіден, бұл - Президенттің сындарлы да көреген саясатының арқасы. Екіншіден, қазақ халқының парасаттылығы. Олар әр уақытта түрлі тағдырмен осы топыраққа келген халықтардың бәрін жатсынбай бауырына басты.
Александр Сметановский - осы 376 мың орыстың бірі. Торғай өңірінде туып-өскен азаматтың көңілі даладай дархан, үйіне қонақ жиі келеді. Бүгін де міне, сыныптас достары табалдырығын аттап, төріне келіп жайғасты.
Олжабай Жанатов, Александрдың досы:
Кішкентай кезімнен бірге өстім. Мектепте 10 жыл бірге оқып, бірге бітірдік. Кейін жоғары оқу орнын бітіріп, Ішкі істер саласында бірге қызмет істедік. Сашаны сондықтан, жақын досым, деп қабылдаймын.
Достар бас қосқанда осылайша, ән айтып көңіл көтереді. Александрдың отбасы қазақтың салт-дәстүрлерін де берік ұстанады. Екі қыз тәрбиелеп өсірген отағасы, тұңғышын қазақтың жөн-жоралғысымен ұзатқанын айтады. Тілді білгеннен менің ұтқаным көп, дейді өзі.
Александр Сметановский, Қостанай қаласының тұрғыны:
Төрт ауыз айтқан сөзім бар еді:
Өмір маған баға жетпес нұр шашып,
Бала кезден екі тілде ой кештім.
Отаныммен ортақ тілде сөйлесіп,
Анашыммен өз тілінде сөйлестім, деген.
22 жыл бойы Ішкі істер саласында қызмет етіп келе жатқан Александр Сметановский - бүгінде полиция полковнигі. Татулықтың үлгісін өзгелерге өз болмысымен көрсетіп жүрген азамат берекенің бастауы - бірлік, деп біледі.
Дәуренбек ӘБДІБЕК