Қостанай облысындағы Боровской кентінің тұрғыны Күмісай Тілебаева үшін бақыт та, байлық та - тек балалары. 38 жасқа жуырда ғана толған ол дүниеге 7 перзент әкеліп, тәрбиелеп өсіріп отыр.
Асыл жар, аяулы ана бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келеді. Жұбайы мен екеуінің ендігі арманы - ұрпақтарының аман-есен ержетіп, елге қызмет еткенін көру.
Бұл үйдің балалары жағдай талғамайды. Мектепте оқитын төртеуінің үй тапсырмасын орындауына бір дөңгелек үстел жеткілікті. Себебі, олар ешқашан бір-біріне кедергі келтірмейді. Керісінше көмектеседі, үлкені кішісіне білмегенін түсіндіреді. Ұйымшылдыққа үйренген отбасына тапшылық, жоқшылық деген ұғымдар жат.
Күмісай Тілебаева, Батыр ана:
Жетеуіне 11 мың теңге аламын. Мектепке баруға көмектесетін «Мектепке жол» деген акция бар. Мектепте балаларым тегін тамақтанады. Жастарға айтарым, көп бала өсіріп, тәрбиелеуден қашпау керек. Әр баланың өз несібесі бар.
Отағасы Ерболаттың анасы Бәдиша әжей алты бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 20-дан астам немересі, 5 шөбересі бар. «Шалым атадан жалғыз еді. Сондықтан, баланы көпсіну, оларды бағып-қақтым деп бәлсіну - күпірлік»,- дейді кейуана.
Бәдиша Тілебаева, Боровской кентінің тұрғыны:
Балалар күліп, бірімен-бірі ойнағанда, рахаттанып отырамын. Осы күнге жеткеніме шүкіршілік айтамын.
Үйдің тұңғышы биыл 19-ға толды. Өз бетінше табыс тауып, қазір сырт жақта еңбек етіп жүр. Ал одан кейінгі ересек екі ұлы - Ерболаттың қолқанаты. Отағасы өзі механизатор болғандықтан, көбіне түзде жүреді. Алайда, балалары оның орнын жоқтатқан емес.
Ерболат Тілебаев, отағасы:
Балаларымның өмірде өз жолдарын тапқанын қалаймын. Кісінің ала жібін аттамай, адал еңбек етсе, еліміздің беделді азаматтары болса, деп тілеймін.
Елімізде көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында жүзеге асып жатқан бағдарламалар бар. Жергілікті билік те бірінші кезекте көпбалалы үйлердің мұқтажын өтеуге мүдделі. Ендеше, ұрпақ өсіруді ұлы мұратына балаған отбасылар қай кезде де қоғамның қолдауына ие.
Дәуренбек ӘБДІБЕК