Мүмкіндігі шектеулі жан өзгелерді жұмыспен қамтып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жан өзгелерді жұмыспен қамтып отыр

28.03.2014

Мүгедектік адамның еңбек ету мүмкіндігін шектемеуі тиіс. Қостанай облысының Федоров кентінде тұратын Максим Кириченко - көру қабілеті бойынша ІІІ топтағы мүгедек.

 
Ол соған қарамастан, досы Игорь Штепиннің бастамасымен екеуі бірігіп жеке кәсіптерін ашқан болатын. Қазір ешкімге алақан жаймай, тұрмыстарын түзеп, тірліктерін дөңгелетіп отыр. Тіпті тағы төрт адамды жұмыспен қамтыған.
 
Игорь мен Максим ағаш өңдеу цехын осыдан екі жыл бұрын ашты. Бөренелерді тіліп тақтайға айналдыратын жалғыз станоктары бар еді. Барлық жұмысты да екі дос өздері атқарды. Іс оңға басқасын кәсіптерінің аясын кеңейтуді ойлаған. Бұл жоспарлары «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының арқасында жүзеге асты.
 
Максим Кириченко, кәсіпкер:
Алдымен Жұмыспен қамту орталығына барып, ақыл-кеңес сұрадық. Олар қайда, қандай құжаттар дайындау қажеттігін айтып, шағын несие алудың жолын көрсетті. Соның арқасында 1 миллион теңге несие алдық. Ақшаның бәрін ағашты терең өңдеуден өткізуге қажет жабдықтарға жұмсадық.
 
Осылайша, өндіріс аясы кеңейген соң екі дос тағы төрт адамды жұмысқа қабылдады. Солардың бірі - Иван Колесниченко. Оның мұнда еңбек етіп жатқанына жарты жыл.
 
Иван Колесниченко, жұмысшы:
Негізінен ағашпен жұмыс істейміз. Сүрілген тақтайлар, түрлі бұйымдар дайындаймыз. Құрлысқа қажетті көптеген басқа да заттарды жасаймыз.
 
Бұл жерден шыққан өнімге аудан көлемінен ғана емес, облыс орталығынан да көп сұраныс түседі. Себебі, сапасы жоғары, бағасы арзан.
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Шағын цехта шикізат толық өңдеуден өтеді. Мысалы, мына жуан бөренелер осы жерде жонылып, одан  тұрмысқа қажетті бұйымдар жасалады. Бұл жерде дайындалған өнімнің бағасы анағұрлым арзанға түсуінің себебі - осы.
 
Жалпы, Федоров ауданында 500-ге тарта еңбекке жарамды мүгедек жан болса, бүгінде соның 140-ы жұмыспен қамтылыпты. Кембағалдарды белгілі бір мамандыққа машықтандыру үшін тегін курстарда оқыту ісі де қолға алынған. Мақсат - еңбек етуге ынталылардың бірде-бірін кәсіпсіз һәм нәсіпсіз қалдырмау.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу