Қызылжар-2 ауылына қатынайтын жол батпаққа айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылжар-2 ауылына қатынайтын жол батпаққа айналды

27.03.2014
Қызылжар-2 ауылына қатынайтын жол батпаққа айналды

Ақтөбенің іргесіндегі Қызылжар-2 ауылында көктем шыға қатынас күрт қиындады. Жаңа бой көтерген елді мекенге апарар жол жоқ. Қар еріп, балшық иленіп жатыр. Көлік түгілі, жаяу жүру мүмкін емес.

 
Оның үстіне, су іргеге жетіп тұр. Тұрғындардың жол салынады деп зарыға күткеніне - 2 жыл. Олардың тілегі қашан орындалары белгісіз.
 
Әлия Таласова, тілші:
Облыс орталығынан Қызылжар ауылына дейін 18 шақырым. Тас жол шұрқ тесік. Жүргізушілер жол азабын көріп жүр. Ал, ауылдың жаңа бой көтерген бөлігінде тұратындарға тіпті қиын. Тас жолдан түсіп, 2 шақырым жаяу жүреді. Батпақтан аяқ алып жүру де оңай емес.
 
Қызылжар-2 ауылындағы балалар ескі бөліктегі мектепке қатынайды. Жаяу 1 сағатқа жуық жүреді. Қыста боран, көктем мен күзде балшық. Сондықтан, тұрғындар бастауышқа баратын балаларын мектепке жібермей отыр.
 
Айман Тойбазарова, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Желтоқсан айынан бастап мектепке барған жоқ. Ең болмаса, балаларды автобуспен алып кетсе екен. Үлкен балалар барар, кішкентай балаларға обал.
 
Құндыз Жалғасбаева, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Автобустың қатынауы қиын. 7-де соңғы автобус жүреді. Үлгермесе әрі қарай таксимен барады.
 
Автобус 2 сағат сайын ауыл үстімен өтеді. Жолдың қиындығынан жаңа құрылыс жағына кірмейді. Көлігі барларға үйіне жету мұң. Кешқұрым тас жол маңына қалдырып, таңертең мініп кетеді.
 
Самат Сәтов, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Кейде осындай тұман болып тұрады. Сондай күндері көліктің дөңгелектерін, аккумуляторларын алып кетеді.
 
Жолдың жайы жергілікті билікке мәлім. Алдымен ауызсу құбыры тартылып, ауылға апаратын жол салынбақшы. Олардың 65 миллион теңгелік сметалық жобасы әзір.
 
Бақұзақ Дарин, Благодар селолық округінің әкімі:
Су мұнарасына дейінгі жол негізгі жолға қосылады.
 
Шұрқ тесік жолдың да 3 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Іс жер қарая басталады. «200 түтіні бар ауыл келер жылы мұндай қиындық көрмейді», дейді округ әкімі. Әзірге тұрғындардың жолдың тез кебуін тілеуден басқа амалы жоқ.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу