Қызылордада халықаралық терминал салынбақшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада халықаралық терминал салынбақшы

27.03.2014

Бүгін Премьер-Министр Серік Ахметов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Үкімет басшысы өңірдегі бірқатар кәсіпорын мен әлеуметтік нысандарды аралады. Облыс орталығындағы «Қорқыт ата» әуежайын жаңғырту жобасымен танысты. Яғни, жаңа жоба негізінде Қызылордада халықаралық терминал салынбақшы.

 
Сыр елінің әуе қақпасы халықаралық деңгейге көтерілмек. Қазір мұнда күніне 200-ден астам жолаушыға қызмет көрсетілсе, жаңа терминал салынғаннан кейін сағатына осынша адам келіп-кетеді деп күтілуде.  
 
Соның негізінде аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Яғни, өңірге инвесторларды молынан тартуға мүмкіндік туады.     
 
Нұржан Әлібаев, облыс әкімінің орынбасары:
Әуежайдың жобасы жасалып, сараптамадан өтті. «Қазақстан Темір жолымен», Қызылорда облысының әкімшілігімен бірлесіп, құрылысты бастауға дайынбыз. Құрылыс жұмыстары 18 сәуірде басталады.
 
Әуежай құрылысының жобасымен танысқан соң Үкімет басшысы   Сырдария ауданындағы «Мағжан және К» тұқым шаруашылығында болды. 
 
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, көктемгі егіске дайындық барысымен танысты. Сыр диқандары дала жұмыстарына дайын. Техника мен жанар-жағармайға қатысты проблема жоқ.  
 
Былтыр 74 мың гектар жерге негізгі дақыл-күріш еккен еңбеккерлер биыл егістік көлемін біршама арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту тұрғысында нақты жұмыстар қолға алынуда.   
 
2015 жылдан бастап, облыс етті экспорттай бастайды. Ал, дәл қазір Арал өңірі дәмді балығымен шетелге дейін танымал болып отыр.
 
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
Арал теңізі аймағының тұрғындары үшін САРАТС-2 жобасының маңызы зор. Жобаның алғашқы кезеңі оң нәтиже берді. Теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалу негізінде ондағы тіршілік жанданып, халық ата-кәсіпке оралды. Енді біз Үкіметтен осы жобаның екінші кезеңінің биыл басталуын сұраймыз.
 
Қорытынды жиналыста облыс әкімі осы және өзге де мәселелерді Үкімет басшысының назарына ұсынды. Ол проблемалар рет-ретімен шешімін табатын болады. 
 
Жалпы алғанда, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды Серік Ахметов оң
бағалады.
 
Серік Ахметов, ҚР Премьер-Министрі:
Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін   Қызылорда облысының ресурстық мүмкіндігі жетеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінде өсім байқалады. Шикізаттық емес секторды дамыту   бойынша оң динамика бар.  
 
Бүгін тағы бір табысты жобаның тұсауы кесілді. Қызылорда облысы әкімдігі мен «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ арасында Меморандумға қол қойылды. Демек, халықаралық көрмеге Сыр елі де белсене атсалысатын болады.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу