Қазақстан Халқы Ассамблеясы - татулық кепілі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Халқы Ассамблеясы - татулық кепілі

27.03.2014
Қазақстан Халқы Ассамблеясы - татулық кепілі

Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен бірліктің нығаюында Ассамблеяның орны ерекше. «Еліміздің экономикалық дамуы, өсіп-өркендеуі ең алдымен елдегі татулықтың жемісі», дейді Батыс Қазақстан облыстық шешен-ингуш ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұхтар Боқаев.

 
Ақсайлық ақсақалдың өзі де ортақ шаңырақтағы тыныштықтың сақталып, достықтың нығаюына атсаласып келеді.
 
Мұхтар ақсақалды Ақсай қаласында бәрі біледі әрі құрметтейді. Ұлты шешен болса да, ол әр жылдары мемлекеттік тіл аясының кеңеюіне, мағынасыз елді мекен атауларын қазақшалауға атсалысты.
 
Бүгінде қариялардың қамын күйттеп, әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосып жүр. Сонымен қатар, Ассамблеяның беделді мүшесі ретінде шағын шаһардағы татулық пен тұрақтылықтың да насихатшысы екенін көпшілік жақсы біледі.
 
Мұхтар Боқаев, Ақсай қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы:
Мен шешен екенімді мақтан тұтамын. Бірақ, достық дегенде, бірге жұмыс істейтін кезде ұлтқа бөліну деген ұғым жоқ. Менің тілейтінім, достығымыз бұзылмай, қайта нығая түссін.
 
Ақсақал қаладағы білім ұяларында тағылымдық кездесулерді жиі өткізеді. Соның бірі - №5 мектеп. Мұнда 16 ұлттың ұл-қыздары оқып жатыр. Тұрақтылық кепілі - татулық екенін мұғалімдер де жеткіншектердің құлағына құйып отырады.
 
Наталья Проскрякова, мектеп директоры:
Біздің мектепті тату отбасы, деп айтар едім. Тәрбиелік маңызы бар түрлі шаралар өткізіліп, онда балалар әр ұлттың салт-дәстүріне қанығып, құрметтеуді үйренеді. Көргені көп қариялар да ақылын айтып, жөн сілтеп отырады.
 
Қазіргі таңда облыс мектептерінде 20-дан астам «Достық» клубы жұмыс істейді. Онда оқушылар мемлекеттік тілмен қатар, өзгенің тіліне, дініне, салт-дәстүріне құрметпен қарап, осы арқылы өзара сыйластықта өмір сүруді үйренеді. Бұл істе балғындарға әңгімесі бәтуәлі Мұхтар Боқаев сияқты ақсақалдардың берер тәлім-тәрбиесі мол. 
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу