Алматы қаласының тұрғыны Күніш Ахметова Ұлыстың Ұлы күнін биыл 100-ші рет қарсы алып отыр. Қос ғасырдың куәсі әз-Наурызды қайта жаңғыртқан Тәуелсіздігімізге тәу етеді.
Дәл бүгін - қазыналы қарт ананың туған күні. Өткен ғасырдың бел ортасында қазақ қыздарынан шыққан алғаш атқарушы билік өкілі Еңбек ардагерін ғасырлық мерейтойымен жергілікті әкімдік құттықтады.
Ғасыр таңына тәу еткен мерейтой иесін алдымен өзі тұратын Медеу ауданының әкімдігі мен ардагерлер кеңесі құттықтап келді.
Ким Серікбаев, Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Өткен-кеткеннің бәрін еске алуда. Бізге ақыл айтып, ауызбіршілікте болыңдар, деген тілегін айтты.
Күніш Хасанқызы 1914 жылы 22 наурызда Атырау өңірінде туған. Еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімдігінен бастап, аудандық партия комитетінің хатшысына дейін көтеріледі.
ІІ Дүниежүзілік соғыс тұсында тылдағы еңбек майданын ұйымдастырып, ерге тән өр мінезімен көпке бас бола біледі. Кейін Алматыда жоғары партия мектебін бітіріп, 1950 жылдан Алматы қалалық атқарушы билік жүйесінде 23 жыл қызмет атқарды. Тақ пен бақтың парқын, бағасын біліп, өнегелі өмір кешкен абыз ананың ел ертеңі жастарға айтары да бөлек.
Күніш Ахметова, Еңбек ардагері:
Өздеріңе тапсырылған жұмысқа қалай болса солай қарамаңдар. Көп ақша табуға, атақ шығаруға қызықпаңдар. Ақша адамның атын шығармайды. Адамның атын шығаратын - адамгершілік қасиет.
Күніш апай қарттығына қарамастан қағілез. Есте сақтау қабілеті ерек. Кешегі қызмет кезеңінің бүге-шігесін былай қойғанда, сыныптастары мен мұғалімдерін әлі ұмытпапты. Тіпті немере-шөберелерінің ұялы телефон нөмірлеріне дейін жатқа біледі. Әлі күнге көзілдіріксіз газет оқып, теледидардан қоғам тынысын қалт жібермейді.
Ері Шарафеддин Қожамұратовпен 40 жыл отасып, екі қыз өсірген Күніш әжейді немере-шөберелері «Ақ мама» дейді. Ана үшін баланың бәрі бірдей. Әйткенмен, әжесінің 36 жастағы Мұрат дегенде жаны бөлек. Әлі күнге жас баладай еміреніп, асты-үстіне түсіп отырады.
Бір ғасыр ғұмыр кешкен Күніш апаның бүгінде бір-ақ тілегі бар. «Елім Наурыздан Наурызға аман-есен жете берсе», дейді кейуана.
Жазира ИСАЕВА