Наурыз мерекесіне орай Көкшетау қаласында баспанаға мұқтаж 45 отбасы қуанышқа кенелді. Оларға «Сарыарқа» шағын ауданынан жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталды.
Үйлі болғандардың басым көпшілігі - талай жылдан бері баспана кезегінде тұрған азаматтар. Сондай-ақ, жаңа үйге қоныстанғандардың қатарында жетімдер мен Ауған соғысының ардагерлері де бар.
Айта кету керек, Көкшетауда көп қабатты тұрғын үй салу соңғы екі жылда қарқынды жүргізілуде. Жыл аяғына дейін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тағы 80 жас отбасыға пәтер кілттері табысталмақшы.
Жәнібек Есдәулетов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Жеті жыл кезекте тұрдық. Көп күттік. Жаңа пәтер өзімізге ұнады. Үкіметке көп рахмет!
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ