Астана Наурыз мерекесін тойлауға әзір (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана Наурыз мерекесін тойлауға әзір (толығырақ)

20.03.2014
Астана Наурыз мерекесін тойлауға әзір (толығырақ)

Ертең Астанада Ұлыстың Ұлы күні Наурыз тойына арналған мереке Қазақ елі алаңынан бастау алады. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспарланған. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында қала басшылығы хабарлады.

 
Нұргүл Сағитқызы, тілші:
Ұлыстың Ұлы күні өтетін Қазақ елі монументі алаңында соңғы дайындық шаралары пысықталуда. Негізгі іс-шара өтетін бұл жерге 40 киіз үй мен 5 шатыр және үш сахна орнатылған. Алаңның безендірілуінің де өзіндік астары бар. Табиғатпен үйлесім тапқан мына композиция «Жазғұтырымнан жазға дейін» деп аталады.
 
Жыл сайын көктемнің шуақты мерекесі Астанада ерекше ықыласпен тойланады. Бірақ, биылғы той өзгеше болмақ. Мерекелік шарада астаналық өнер ұжымдарынан өзге аймақтардан келген әртістер де өнер көрсетеді. Биыл әз-Наурызды мерекелеуге 7 өңірден 350-ден астам өнерпаз шақыртылыпты. 
 
Болат Тілепов, Астана қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы:
Екі күн толығымен іс-шаралар өтеді. 21-і күні өңірлердің қатысуымен ауқымды шара ұйымдастырылады. Негізі мақсат - халықтық мереке болғандықтан, сол халықты қатыстыру.
 
Наурыз тойында қала бойынша 68 киіз үй тігілмек. Халықтық мерекені атап өтуге елордадағы барлық кәсіпорындар мен мекемелер және оқу-орындары түгел атсалысады. Жер ана түрленіп, жан біткеннің бойына мейрім шуағын шашатын Наурызда жарлыларға қайрымдылық таныту халқымыздың бойындағы қасиет. Осы дәстүрден танбаған қаланың атқамінерлері мұқтаж жандарға қолұшын бермек.
Болат Тілепов, Астана қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы:   
Аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетеміз. Ал зейнеткерлерге азық-түлік таратылады. Наурызға арнайы сыйлығымыз бар.
 
Биыл жыл басын мерекелеуге қаладағы шетелдік кәсіпорындар да ынта білдіріпті. Ертең олар көпшілік үшін дастарқан жайып, қайырымдылық шараларына атсалысады дейді қала басшылығы.
 
Нұргүл Сағитқызы, тілші:
Ал мынау - Есілдің оң жағындағы орталық алаң. Жылдағы дәстүр бойынша бұл жерде де ертең Наурыз тойы нақышына сай тойланады. Меркеде ақшаңқан киіз үйлердің есігі қала тұрғындары үшін айқара ашық болмақ. Тойшы қауым көпшілік үшін әзірленген наурыз көжеден дәм тата алады дейді ұйымдастырушылар.
 
Түркі халықтарының ұлттық тағамдары әзірленіп, ұлттық ойындардың да көрігі қызады бұл күні. Қазақтың салт-дәстүрін бар салтанатымен паш ететін Наурыз тойында қолөнер шеберлері де аянып қалмақ емес. Иісі мұсылман асыға күтетін Ұлыстың Ұлы күнінде Астана көгін әуелеген ән мен күмбірлеген күй тербемек.
 
 
Нұргүл  САҒИТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу