Шығыс Қазақстандағы Абай ауданында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы көмегімен кәсіп ашқандардың саны жыл санап артып келеді.
2013 жылы жұмыссыздықты азайтуға бағыталған жоба аясында ауданда 230 адам шағын несиеге қол жеткізген. Ол арқылы ауылды жерлерде түрлі бизнес-жоспарлар іске асты. Мал өсіру, қызмет көрсету орталықтары мен шағын цехтарды іске қосу арқылы бұрын жұмыссыздардың қатарындағы талай тұрғын тұрмысын түзеді.
Рауан Әбілқасымов - Көкбай ауылының тұрғыны. Мамандығы - дәнекерлеуші. Жұмыссыз жігіт жеке кәсіп ашуды талайдан бері жоспарлаған. Ойдағының іске асуына «Жұмыспен қамту-2020» жобасы қолдау болды.
Шағын несие алып, қолы жетпей жүрген дәнекерлеу құрлығыларын сатып алды. Қазір аудан көлемінде түскен тапсырыстарды орындап, табыс тауып жүр.
Рауан Әбілқасымов, Көкбай ауылының тұрғыны:
Пеш жасаймыз, жылу жүйесін тартамыз. Сұраныс көп түсіп жатыр.
Ал, абайлық Ерлан Оспанов көлік жөндейтін станция ашқан. Алған шағы несиесін мақсатты жұмсаған жігіт қазір жұмыссыз емес. Біртіндеп техникалық қызмет көрсету орталығын кеңейтіп, жанына жұмысшы алуды жоспарлауда.
Жалпы, Абай ауданы бойынша өткен жылы кәсіп ашуға ниетті жұмыссыздарға 350 миллион теңгеге жуық шағын несие берілген.
Жұмағали Қырқымбайұлы, Абай ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры:
Мемлекеттің ауылға көмегі жылдан-жылға артып келе жатыр. Соны халық қазір түсініп, көбіне жастар кәсіп ашуда.
Бүгінде шығыс өңірде мемлекеттік бағдарламаны ең нәтижелі іске асырып отырған Абай ауданы саналады. Себебі, «Жұмыспен қамту-2020» жобасының тиімділігі халық арасында дұрыс насихатталып келеді, дейді мамандар.
Ауданда өткен жылы 41 адам біліктілікті арттыру мен кәсіптік даярлауға оқуға жіберілсе, 30 жас маман тәжірибеден өтуге жолдама алған.
Ержан ЖАҚЫП