Теріскейдегі Уәлиханов ауданына қарасты Бидайық ауылы - облыс орталығынан шалғайдағы елді мекендердің бірі. Ресейдің Омбы облысымен шекаралас аймақта орналасқан.
Бірақ, жырақта жатса да тірлігі тәуір, тұрмысы түзу. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаңырап тұрған мектеп ғимараты қалпына келтіріліп, пайдалануға берілуі, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылға ауызсу тартудың қолға алынуы соның бір дәлелі. Бұл жайт жергілікті тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып отыр.
Данияр Мұратбек 11-інші сыныпта оқиды. Оқу озаты. Замандастары секілді заманауи ғимаратта білім алып жүр. Осыған дейін тар ғимаратта сығылысып, екі ауысымда оқып келген оқушылардың көңілі тоқ бүгінде.
Данияр Мұратбек оқушы:
Мектеп өте әдемі, жарық, жылы. Барлығына рахмет айтамыз. Барлық кабинеттер жабдықталған.
Бидайық орта мектебі облыстағы үздік мектептің қатарында. Тек былтыр ғана осы шаңырақтан түлеп ұшқан оқушылардың көбі мемлекеттік грант иегері атанды.
Раиса Кәрімжанова, Бидайық орта мектебінің директоры:
Бұл біздің ұжым үшін, шәкірттер үшін үлкен қуаныш. Тек бірінші ауысымдық сабақтармен қатар, қосымша үйірмелер, сонымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестілеуге сапалы дайындық жүргізуге зор мүмкіндік туып отыр.
Бидайық ауылы - тірек ауылдардың бірі. Шекарада орналасса да түтіні түзу. Шағын және орта бизнес нысандарының арқасында бос жүрген жан жоқ. Біртіндеп ауылдағы таза ауыз су мәселесі де шешіліп келеді.
Серік Ыбыраев Бидайық ауылдық округінің әкімі:
Биыл «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су тартылып жатыр. Осы жылдың 1-қарашасында бұл жұмыс аяқталады. Бұған былтыр республикалық бюджеттен 609 миллион теңге қаражат бөлінді.
Бидайық секілді елді мекендердің көп болуы - ел дамуының бір сипаты. Сондықтан, ауылдың инфроқұрылымын дамытып, өркендеуіне жол ашу - бүгінгі күннің басты талабы.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ