Өткен жылы Ақтөбе өңірінде 580 мал ұрлығы тіркелді. Оның көбі жайылымнан жоғалған. Себеп, бақташының болмауы, дейді ішкі істер қызметкерлері.
Қорадағы төрт түліктің 83 пайызына таңба салынған. Бірақ, ұрылар айласын асырып, қыста қорадағы сиырды бас жібімен жетектеп, жазда өрістен айдап кетеді. Ақтөбелік құқық қорғаушылар ұрлықтың жолын тию үшін GPS бақылау құралын пайдалануды ұсынды.
Қобда ауданы Қызылжар ауылындағы Люба әженің қорасына жақында ұры түсті. Таңға жуық құлыпты бұзып, буаз сиырды көршісінің ауласына апарып, сойып алған.
Любовь Школьник, зейнеткер:
Ішім удай ашиды. Осы жасқа келгенде мал бағу оңай емес. Жем-шөбі бар. Оны ұрлап кетеді. Кімнің ғана қолы барды екен, жалғызілікті зейнеткерді тонауға. Сонда ұрыны асырау үшін бейнет көріп жүрмін бе?
Любовь Школьниктің қорасында қазір 4 сиыр қалды. Жазда бұзауын, күзде өгізін, енді қыста сиырын алып кетті. Кәніккендер оның жалғызіліктілігін пайдаланады.
Әлібек Нәкеш, Қызылжар ауылдық округінің әкімі:
Биылғы жылғы бірінші дерек. Ауылымыздың учаскелік инспекторы, аудандық ішкі істер бөлімі осы жайттың мән-жайын анықтап, қазіргі таңда жұмыстар жүргізіп жатыр.
Ұры алыстан емес. Күдіктілер жүзден аса түтіні бар ауыл ішінен болуы мүмкін. Өйткені, өткен жылы бұл ауылда мал ұрлығына қатысты 6 қылмыстық іс тіркелді.
Қолды болған мал өрістен қайтпаған. Бұл тек Қызылжар ғана емес, өңірдегі көп ауылдағы жағдай. Жуырда осы іске қатысты құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесі өтті. Мал ұрлығын тиюдың түрлі жолдары қаралып, GPS бақылау құралын пайдалану туралы ұсыныс айтылды.
Қаныбек Жақсығалиев, Ақтөбе облыстық ІІД басшысының орынбасары:
GPS деген мәселені көтеріп отырмыз. Былтырдан бері қарай жергілікті атқарушы органдар көтерді. Биыл да облыстық сессия мәслихатында көтердік. Болашақта халықтың өзінің ынтасы оянып, мал ұрлығын болдырмауға іс-шаралар жүргізеді деп есептейміз.
Бақылау құрылғысының біреуі кем дегенде - 5 мың теңге. Оны ауыл тұрғындарының қалтасы көтермеуі мүмкін. Малдың құлағына, не мойнына тағылған құрылғы жүрген жерін қадағалауға болмаса, ұрлықты тиюға пайдасы екіталай, дейді қызылжарлық Любовь Школьник.
Әлия ТАЛАСОВА