Қазір елімізде мүмкіндігі шектеулі жанардың қоғамнан қалыс қалмауына толық мүмкіншілік бар. Еселі еңбегін ел игілігіне жаратып отырған мүмкіндігі шектеулі жандар Атырау өңірінде де көптеп кездеседі.
Соңғы бір жылдың өзінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы облыста 20-дан астам мүмкіндігі шектеулі жан жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Солардың бірі - Құрманғазы ауданының тұрғыны Хабиболла Ерғалиев.
Хабиболла Ерғалиев осыдан 5 жыл бұрын көлік апатына ұшыраған болатын. Содан бері екі аяғы жүруден қалып, амалсыз арбаға таңылды. Алайда, тағдырдың жазғанына мойынсұнбай, дені сау адамдарша еңбек етуге бел буды. Үкіметтің қолдауымен 3 миллион теңге көлемінде қаржы алып, көлік жөндеу орталығын ашты.
Хабиболла Ерғалиев, кәсіпкер:
Мамандығым - инженер-механик. Балаларыма үйреттім. Жұмыс істеп жатырмыз. Президенттің Жолдауы мүгедек жандарға үлкен қолдау болды.
Ерғалиевтер отбасының көрсететін қызметіне ауданның жүргізушілері дән риза. Көлік жөндеу орталығына ұсақ-түйек шаруаларымен келгендерге тегін кеңес беріледі.
Ақауды қалпына келтіруді өте сапалы орындайды. Сондықтан, орталықтың көмегіне жүгінетіндердің қатары көбеюде. Тіпті, темір тұлпарларын жөндетуге шалғай ауылдардан да арнайы келетіндер бар.
Талап Жақсығұлов, аудан тұрғыны:
Келгенде қабақ шытпай, құрметпен қарсы алады. Қолынан келмесе, бірден айтады.
Қазір Хабиболла Ерғалиев автокөлік орталығында көрсететін қызмет түрлерін көбейтуге кірісті. Көліктерді сырлау және жуу цехтарының құрылысын салып бітірді.
Оларды таяу уақытта іске қосуды жоспарлап отыр. Тірлігінің аясы кеңіген сайын ауылдастары еңбек ететін жаңа жұмыс орындарын ашатын болады.
Осылайша, тағдырдың тауқыметіне мойымай, болашаққа нық сеніммен қараған Хабиболланың еңбегі еселеніп келеді. Ең бастысы, өзінің сүйікті ісін ашып, табыс көзін тапқанына дән риза болып отыр.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ