24 құрсақ көтерген батыр ана - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

24 құрсақ көтерген батыр ана

12.03.2014
24 құрсақ көтерген батыр ана
Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының Қараөзек елді мекенінде 24 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана тұрады. Бүгінде 70-тің асуына жақындаған кейуананың қимылы ширақ, әңгімесі әсерлі.
 
Кеңес заманында 45 жыл шопанның көмекшісі болып жұмыс істеген әженің ұрпақтарына айтар өсиеті көп.
 
Отағасымен бірге құлан жортпас құмдағы фермада қой баққан Сапар Әділбекқызы 24 құрсақ көтеріпті. Оның ішінде бір рет үшемді, екі рет егіз сәбиді дүниеге әкелген.
 
 Бүгінде Қараөзек ауылында тұратын қария 70-ке жақындап қалса да,   әлі тың. «Өзім хат танымаймын, бірақ, ұл-қыздарымды қатарынан кем қылмай оқыттым», дейді кейуана.   
 
Сапар Әбдутәліпова, Батыр ана:
Құдайға шүкір, балалардың бәрін аяқтандырдым. Ендігі тілегім - солар аман-есен болса деймін. Балаларымның арасы жылма-жыл болды. Қазір жасым - 65-те.
 
Дүниенің дидары сан қилы емес пе?! Сол 24 ұл-қызының қазір 12-і жанында аман-есен жүр. Бүгінде олардан 52 немере 6 шөбере сүйіп отыр. Үй шаруасына епті ана қол қусырып қарап отырғанды құп көрмейді.
 
Бір мезгіл қорадағы малға қарайды, немере, шөберелерімен шүйіркелесіп, мақта тазалайды. «Бізді ерте еңбексүйгіштікке үйреткен ана бойындағы осы асыл қасиет», дейді ұл-қыздары. 
 
Жексенбай Әбдутәліпов, ұлы:
Әрқайсымыз әр мамандықтың иесіміз. Дәрігер, мұғалім, полиция, шопан да бар. Бәрі өз ісінің нағыз маманы. Осының бәрі анамыздың жақсы тәрбиесі деп ойлаймын.
 
Гүлдей нәзік, болаттай берік ана жүрегі елдің амандығын, іргенің бүтіндігін тілейді. Батыр ананы төл мерекесімен құттықтай келген немере, шөберелері шат күлкілерімен алтын шаңырақтың ажарын аша түсті. Әжелерінің кең құшағына ене гүл сыйлап, көңілін аулауға тырысты.
 
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ

Хабарламаларға жазылу