Ақтөбеде үй өртеніп, 8 отбасы далада қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде үй өртеніп, 8 отбасы далада қалды

11.03.2014
Ақтөбеде үй өртеніп, 8 отбасы далада қалды
Ақтөбеде сегіз бірдей отбасы бір күнде баспанасыз қалды. Өрт салдарынан шаңырақтары күлге айналды. 4 сағаттың ішінде жалын 400 шаршы метр жерді шарпыған.
 
Тапа-талтүсте оттың қалай тұтанғаны белгісіз. Адам шығыны жоқ. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері себебін анықтауға кірісті. Әп-сәтте, дүние-мүлік, құжаттарынан айрылғандардың барар жері жоқ. Тума-туыс пен таныстарын жағалап жүр. Қазір олар, жергілікті билік пен қайырымды жандардың қолдауына зәру. 
 
Жапсарлас орналасқан 8 пәтердің күлі ғана қалды. Бұл үй 45 жыл бұрын ағаштан салынған. Жалын ортадағы пәтерден басталып, өрт сөндірушілер келгенше бой бермеген.
 
Жомарт Қусимов, тұрғын:
Өрт сөндірушілер келіп үлгергенше қолмен су шаштық, қар лақтырдық. От бой бермеді. Киім де жоқ. Өзім шығып үлгердім.
 
Шәмшәгүл Ахметшина, тұрғын:
Міне, дүниеміз жатыр шашылып. Дүниесі құрсын, орны толады ғой. Бізге баспана қиын болайын деп тұр.
 
Өрт басталғанда тұрғындар үйден шығып үлгерген. Киім-кешек пен құжаттарын алуға да мүмкіндік болмапты. Қазір күлге айналған қоқыс арасынан жартылай жанған құжаттарын жинап жүр.
 
Берік Құрманғазин, тұрғын:
Әкімшіліктен ешкім келмеді, ең болмаса жағдайымызды сұрап. Комиссия да құрған жоқ. Ешкімге керек болмай қалдық. Арыз жазыңдар дейді. Ол арыз қашан қаралады.
 
Әкімшілікке барып, көмек сұрағанмен нақты қолдау болмады. Көңілі қаяу тұрғындар уақытша тұратын баспана болса дейді. Өрттің неден шыққаны белгісіз. Оқиға болған жерде қазір сараптама жасалуда. 
 
Евгений Овчарский, Ақтөбе қаласы ТЖҚ басқарма басшысы
Өрттің шыққан себебін анықтау қиын болмақ. Өйткені, төбесі опырылып ортасына түскен. Енді анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Куәгерлерден сұраймыз. 
 
Тілсіз жаудың кесірінен 50 адам үй-күйсіз далада қалды. Олардың бар үміті жергілікті билікте. Баспана бермесе де, жанып кеткен құжаттарды қалпына келтіруге көмектессе,  дейді тұрғындар.
 
 
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу