Жолаушының бабын табу - оңай іс емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолаушының бабын табу - оңай іс емес

10.03.2014
Жолаушының бабын табу - оңай іс емес

Жолаушының тілін табу оңай емес. Бірақ, Тамара Мұқашева үшін бұдан артық кәсіп жоқ. Ол - білікті жолсерік. Ерлермен иық тіресе жүріп, өзіне тиесілі қызметті абыроймен атқарып келеді.

 
Жолсерік қыздың күнтізбесінде мереке, туған күнге арналған уақыт жоқ. Отарбаның дауысы мен доңғалақтардың дүрсілін естімесе, көңілі көншімейді. Өйткені, оның 7 жылғы өмірі жол үстінде өтуде. Бүгінде сүйікті кәсібінің нәсібін көріп жүр.
 
№34 бағыттағы жолаушылар пойызы Ақтөбеден Алматыға бет алды. Вагонның техникалық жағдайын қарап, қабылдап алған Тамара жолаушыларға қызмет етіп жүр. Бұл -  оның үйреншікті ісі. Қиынсынған да емес. Керісінше, мамандық таңдауда қателеспегенін айтады.
 
Тамара Мұқашева, жолсерік:
Мен осы жұмыс істеген жылдарымда Алматыда, Ақтауда, Атырауда, Оралда, Мәскеуде болдым. Жұмысымның арқасында ел көріп, жер таныдым. Мұндай мүмкіндік екінің біріне беріле бермейді деп ойлаймын.
 
Жолсерік іссапары 4 тәулікке созылады. Пойыз 34 станцияға тоқтайды. Осы уақытта күн мен түнін ауыстырған жолсерік  500-600 жолаушыға қызмет көрсетеді.
 
Төсек жабдықтарын, шайын әзірлеп, діттеген жерінен түсіреді. Вагон тазалығы да міндетінде. 27 жыл теміржолда қызмет еткен Алдаберген бұл істе әйелдердің алдына түсу мүмкін емес екенін мойындайды.
 
Алдаберген Шәлен, пойыз басшысы:
Мысалы, бір ақау шығып қалса, ер-азаматтарға қарағанда, техниканың тілін жақсы білетін әйел азаматтар көп. Әйелдер бар жерде тазалық, мәдениеттілік бар.
 
Жолсерік міндеті билет тексеріп, жолаушыны жайғастыру ғана емес, әр адаммен жұмыс істеу, кішіпейіл болып, бабын табу. Тамара «басы ауырып, балтыры сыздағандарға» дәрігерлік көмек те көрсетеді. Өйткені, жолаушы қауіпсіздігі - маңызды.
 
Бұл - үлкен міндет.  Жауапкершілікті жақсы түсінетін Тамара өз ісін қалтқысыз атқарып жүр. Әлі талай жолаушыға қызмет көрсетуге әзір.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу