Елбасымен жеті рет жүздескен келіншек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасымен жеті рет жүздескен келіншек

10.03.2014
Елбасымен жеті рет жүздескен келіншек

Әйел-ана бүгінде тек отбасының ұйытқысы емес, небір шаруаның көзін таба білетін, елге қайырымы мол ізгі істердің жаршысы да. Осындай жандардың бірі - жамбылдық Сәуле Рысбаева.

 
Оны ел осы қасиеттері үшін «Тараздың таңшолпаны»  деп те атайды. Кәсіпкерліктің қыр-сырын жылдам, әрі жетік меңгерген келіншек бүгінде баспа ісімен айналысатын ірі кәсіпорынды басқарады.
 
Осыдан 20 жыл бұрын арман мен қиял жетегінде басталған тың кәсіптің бүгінде өрісі кең. Мұның барлығы - талай жылғы қажырлы еңбектің, тынымсыз ізденістің арқасы. Баспа үйі шақыру хат, мөр, сурет, плакаттар мен кеңсе жұмысына қажетті бұйымдарды шығарады. Кәсіпорында 60-қа тарта адам жұмыс істейді.
 
Сәуле Рысбаева, кәсіпкер:
Ең бастысы, ерінбеу керек. Осы еңбекті жалғастыруға төзімділік қажет. Әрине, жарқ етіп шығуға әркімнің мүмкіншілігі бар. Бірақ, соны әрі қарай алып кету үшін өндірістің жаңа, тиімді жолын іздеу ең қиыны деп ойлаймын.
 
Компания бүгінде өз өнімдерімен барша жұртқа танымал. Талғаммен, әрі сапалы әзірленген дүниелер елімізде және шетелдерде өткен бірнеше көрме байқауларда жоғары бағаланды.
 
Сәуле осы кәсібінің арқасында Елбасымен де бірнеше рет жүздесті. Әрбір кездесу жаңашылдыққа бастау болды. Қобалжыған көңілдерге қуат берді. 
 
Сәуле Рысбаева, кәсіпкер:
Ол кісі бізді батылдыққа ұмтылдырды. Өз дәрежемізді ұстап тұруға тырысып келе жатырмыз.
 
Әрбір ұлттың болашағы ананың аялы алақанымен тербеледі. Сәуле өз перзентімен бірге, ата-ана қамқорлығынсыз қалған үш қыз баланы бауырына басып, оларға да аналық мейірім сыйлап отыр.  
 
Сәуле Рысбаева, кәсіпкер:
Қыздарға тоқуды, тігуді үйретудемін. Осының барлығы өнеге. Әрбір қолмен жасаған істен есіңде көп нәрсе қалады. Оның үстіне, демалыс күндері міндетті түрде табиғатқа серуендеулерін  қадағалаймын.
 
Арман мақсатқа жетеледі. Мақсат мұратқа жеткізді. Ол әрине, тынымсыз еңбек пен талаптың арқасы. Осындай өмірлік ұстанымы Сәулені өнегелі өмір иесі атандырды, бақытты етті. 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу