Балалы үй базар. Семей өңіріндегі Қарауыл ауылының тұрғыны Әсемгүл Құралқызы 35 жасында батыр ана атанып, 7 баланы өмірге әкелген. Бақытты отбасы жақында тағы бір сәбидің дүниеге келуін күтіп жүр.
Қарауыл ауылының тұрғындары Әсемгүл мен Ерген өздерін өмірдегі ең бақытты жандар, деп біледі. Жаста болса көп балалы атанған отбасында жеті бала аман-есен желкілдей өсіп келеді. 35 жастағы батыр ана, осынша балалы болуды өмірдегі ең үлкен сыйға балайды.
Әсемгүл Құралқызы, батыр ана:
Өзім біреудің жалғыз баласы болғанмын. Алланың берген сыйы ғой деп қабыл алып жатырмын. Айтады ғой «ырысымен келеді» деп. Әр баланың өз ырысы бар. Біреуі мақтап жатады. Біреуі қалай тәрбиелейсің деп жатады. Әйелдің 40 жаны бар ғой, бәріне үлгеруге тырысамын.
Ер азаматқа ағаш егу, үй салу мен ұрпақ өсіру -міндет деген ұғым бар. Ерген бүгінде сол міндетті мінсіз орындап келеді. Тұрып жатқан үйлерін өздері өткен жылы тыңнан көтерген. Үйдің үлкені 16- да болса, ең кішісі екіге енді толған. Ал жақында шаңырақты тағы бір қуаныш тосып отыр.
Ерген Құндақбай, отағасы:
Алтын медаль иегері боламыз ба деген ойымыз бар. Тағы бір кішкентай баланың даусы естілетіндей қалды. Бір қой егіз тапса, бір түп жусан артық шығады. Әр баламның ырыздығы бар өзі.
Бір- бірін жетелей өсіп келе жатқан бауырлардың арманы көп. Сабақтарын жақсы оқуға тырысып, алақанға салып аялап, қолда барын аямаған ата-ананың сенімін ақтау қажеттігін де сезінеді.
Еркежан Ергенқызы:
Бәріміз татумыз. Бір-бірімізге көмектесіп қарап жүреміз. Сабақ үлгеріміміз жақсы. Мен үйірмелерге қатысамын, ағаларым боксқа қатысады. Бәріміз өнерліміз.
Нұрбол Ергенұлы:
Менің атам полиция болған, мен де полиция болғым келеді. Халыққа көмектесемін. Жол ережелерін түсіндіремін.
Арманы асқақ әр ұл-қызының болашағынан зор үміт күткен Ерген мен Әсемгүл ең бастысы ел тыныштығын тілейді. Бейбіт заманда перзенттері алаңсыз ер жетіп, ертеңгі елдің тірегі боларына нық сенеді.
Ержан ЖАҚЫП