Инкассаторларға шабуылдаған қарақшылар ісіне қатысты үкім шықты (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инкассаторларға шабуылдаған қарақшылар ісіне қатысты үкім шықты (толығырақ)

07.03.2014
Инкассаторларға шабуылдаған қарақшылар ісіне қатысты үкім шықты (толығырақ)

Алматыда «Трэвэл экспресс»  компаниясының инкассаторларына шабуыл жасап, бірін жаралап, енді бірін атып өлтірген қаскөйлерге қатысты бүгін сот үкімі шықты. Шешім бойынша үшеуі барлығын қосқанда 46 жыл бас бостандығынан айырылды.

 
Естеріңізде болса, өткен жылдың 26-шы қыркүйегінде туристік фирманың қос күзетшісіне белгісіз біреулер оқ жаудырып, қомақты қаржыны қолды етпек болды. Атыс кезінде компанияның қызметкері Олег Крылов оққа ұшып, екінші инкассатор Андрей Сивченко ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
 
Қарақшылық шабуыл жасап, адам өлтірді деген айыппен сот Хаваш Мұхадиновты 20 жылға, Андрей Танаковты 19 жылға бас бостандығынан айырды. Енді олардың жеке заттары мен дүние-мүлкі тәркіленіп, қос айыпталушы жазаларын қатаң режимдегі түзету мекемесінде өтейді.
 
Ал Танаковтың тапаншасын жасырып, қылмысты ұйымдастырды, деп айыпталған Сергей Авдяков 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сотталушылар мұндай шешіммен келісер емес, жақын күндері істің қайта қаралуын талап етпек ниетте.
 
Қайрат Дауылбаев, Сотталушы Хаваш Мұхадиновтың адвокаты:
Шығарылған үкіммен келіспеймін. 15 күн ішінде істі аппелациялық қарауға жібереміз. 17-18 жыл деп ойлаған едім.
 
Жарты жылдан астам уақыт өтсе де, 26 қыркүйектегі қанды оқиға Андрей Сивченконың әлі көз алдында. Қаланың қақ ортасында оқ астында қалған күзетші, сол күні жақын досынан айырылды. Атыс кезіндегі алған жарақаты салдарынан атпалдай азамат балдаққа байланып, ІІ топтағы мүгедек атанды.
 
Андрей Сивченко, жәбірленуші:
Сот шығарған әділетті үкіммен толық келісемін. Алайда, айыпталушылардың жүзінен өкінген кейіпті байқамадым. Сол жаныма батты. Жаралы аяғыма тағы операция жасап, ішінде қалған екінші оқты шығару керек. Осылардың кесірінен мүгедектердің қатарын көбейттім.
 
Сот шешімімен марқұм Олег Крыловтың жұбайы Татьяна да келіседі. Тіпті күдіктілерге бұдан да ауыр жаза тағайындауын қалағанын да жасырмайды. Бүгінгі соттың үкімінде «айыпталушылар Крыловаға 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуі шарт», - делінген.
 
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу