Семейге қарасты Мұқыр деген ауылда жетпісті еңсеріп, сексенге қадам басқан кәсіпкер әже тұрады. Майра Сүйіншәлиева қартайдым деп қарап отырмай, жастармен жағаласа жұмыс істеп, сауданың көрігін қыздырып жүр.
Өмір бойы қарапайым еңбектің қызығы мен шыжығын көрген қария ауылына сыйлы, көпке үлгі. Бала-шағаны өсіріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырды. Енді немере-шөберені бағып-қағып, олардың да аяқтануына атсалысып жүр.
Майра әженің дүкенінде басқаларға қарағанда баға арзан. Сондықтан ауылдастары мұнда көп келеді. Оған қоса қалада азық-түлік сататын тағы бір сауда нүктесі бар. Өмір бойы әр салада қызмет етіп, еңбекпен есейген жан, сексенге аяқ басса да, әлі тың.
Майра Сүйіншәлиева, кәсіпкер:
Өмір бойы еңбек істегенмін. Үйде отыра алмаймын. Отырсам ауырып қаламын. Немере-шөберелерге болысу керек. Сондықтан дүкен аштық.
Кәсіпкер әже дүкеннен бөлек үй шаруасынан да қалыспайды. Немере-шөбереге қарайласып, келіндерге де көмегін аямайды. Әр баласын қиындық көрсетпей жетелей өсіріп жеке шаңырақ қылған кейуана, өмірдің мәні еңбекте екендігін ұрпағының санасына сіңіріп отырады.
Майра Сүйіншәлиева, кәсіпкер:
Қазір шұқып қалсаң, ақша. Еңбек қылу керек балаларға. Қазіргі жастардың көбінің денсаулығы әлсіз. Кезінде біз 50 келіні көтеретінбіз. Қазір балаларға айтсаң, ертегі сияқты көреді.
Үмітжан Сүйіншіәлиева, келіні:
Апа мен үшін үлгі. Үлкен үлгі, бәрін де маған үйреткен. Бірдеңе білмей қалсақ, апамыздан сұраймыз. Көмектеседі, қол ұшын беруге әрдайым дайын.
Еңбекқор әже таңның атысы, күннің батысы тыным таппайды. Үнемі қолына алған істі аяғына дейін тындыруға асық. Қолы босай қалса қорадағы малды да жайлауға өзі араласады. Қарияның осылай жанталасып, жастардан қалыспай еңбек етіп жүргеніне, мұқым ауылдастары қызыға қарайды.
Зылиха Төкенқызы, ауыл әкімі:
Жастарға үлгі болатын адам, өз ісін дамытып отыр. Ауылда қандай мереке болсын ұйымдастыруға атсалысып, ортасында жүреді.
Кәрілікке бой бермеген қайсар ана осылайша өзгелерге үлгі. Өмірде көрген қиындық пен маңдай тер өтелді дейді өзі. Шама келсе бала-шағаның болашағы үшін, әлі де еңбек ете беруге дайын.
Ержан ЖАҚЫП