Әмина Молдахметова мал шаруашылығында еңбек етуге жасынан құштар болғанын айтады. Бұл арманы тоқсаныншы жылдары орындалып, жеке қожалық құрған екен. Бүгінде шаруашылықта жылқы мен қойды қоспағанда ет бағытындағы 160 ірі қара мал бар. Оның ішінде, бұзаулайтын сиырдың саны 90-ға жетеді. Қазір алды төлдеп жатыр.
Әмина Молдахметова, шаруа қожалығының жетекшісі:
«Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс істеп жатырмын. Негізгі жұмысты атқаратын балалар. Менің міндетім соларды уақытында қосалқы бөлшекпен, жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп отыру.
Ерлі-зайыптылардың екеуі де қазір зейнет жасында. Алайда, жас ұлғайды, деп қарап жатпай, өздерін де, өзгені де жұмыспен қамтып отыр. Тоғыз перзент тәрбиелеп өсірген ата-ананың үш баласы осы шаруашылықта еңбек етеді. Қос қария енді ата кәсіпті ұрпағымыз әрі қарай жалғаса деп тілейді.
Аманкелді Молдахметов, отағасы:
Мал өсіріп көбейтіп жатырмыз. Балалар үшін. Осының бәрі балаларға қалады.
Абылай Қаршалов, немересі:
Мен өзім атқа мінгенді ұнатам. Малды жақсы көрем. Өскенде малды көп ұстаймын. Фермер боламын.
Сарыкөл ауданында 800-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымы бар, соның 146 -сын Әмина сияқты қыз-келіншектер басқарып отыр.
Асқар Жақсыбаев, Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары:
Шаруашылық басқаратын әйелдер өзгелерге үлгі. Олардың жауапкершілігі күшті. Істі соңына жеткізеді.
Бақытын еңбектен тапқан ананың - бала тәрбиелеуі де өзгелерге үлгі боларлықтай. Перзенттерін табан ақы, маңдай термен тірлік етуге үйретті. Бүгінде соның жемісін көріп отырған жайы бар. Ал, өзі бойында қуаты барда қара жұмыстан қол үзбек емес.
Дәуренбек ӘБДІБЕК