Солтүстік Қазақстанмен шекаралас Ресейдің Түмен облысында 18 мыңнан астам қазақ тұрады. Бүгінде елден жырақта жүрсе де, Қазақстан мен Ресей арасындағы әлеуметтік- экономикалық әріптестіктің дамуына оң ықпал етіп жүр.
Түмен - Солтүстік Қазақстан облысымен шекаралас. Ол жақтағы қандастарымызды «іштегі қазақтар» деп атайды. Сондықтан, арадағы байланыс еш үзілген емес.
Тек Кедендік одақ құрылғанға дейін шекарадан өту біраз қиындық тудыратын. Бірақ, соңғы жылдары еш қиындықсыз қатынасып тұрады. Бұған Түмендегі Қазақстан Консулдығының да тигізіп отырған көмегі зор.
Сейілхан Мақаш, ҚР Түмен қаласындағы Құрметті консулы:
Ресейге келген қазақстандықтар көп келеді. Олар заң актілері, іскерлік әріптестік бойынша ақыл-кеңес сұрап келеді. Біздің міндетіміз - оларға барынша толыққанды ақпарат беру. Қазір сауда айналымы бойынша ағаш өңдеу, мұнай өндірісі саласына қатысты әріптестік орнады. Сауда-саттық бұрыннан бар, ал соңғы кезде мәдени байланыс артып келеді.
Қазір Түмен облысында 18 мыңнан астам қазақ тұрады. Екі арадағы мәдени байланыстың арқасында әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтап, дәріптеуге мүмкіндік туды. Тіпті, Достық үйінде қазақ тілін оқытатын арнайы сынып та ашылған.
Гүлбайра Қалиева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
Қазақстан мен Ресей арасындағы бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ата-аналар балаларын алып келеді. Өйткені, олар қазақ тілін білу керектігін түсінген. 50-ге жуық бала бар, көбі - студенттер.
Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы жастардың ана тілін үйреніп, салт-дәстүрлерін білуіне ықпал етіп келеді. Ұлттық мерекелерден де қалыс қалмайды.
Қоғамдық шаралардың бел ортасында жүргендіктен, елдегі татулыққа да сеп болып жүр. Сондықтан, жат елде болса да, Қазақстан мен қазақтардың абыройын көтеріп жүрген беделді ұйымға айнала білді.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ