Бір отбасын қырып салғандарға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір отбасын қырып салғандарға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды (толығырақ)

05.03.2014
Бір отбасын қырып салғандарға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды (толығырақ)

Айрандай ұйып отырған бір отбасын қырып салған қаныпезерлерге қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. 2013 жылдың жазында Алматыдағы жантүршігерлік оқиғаға байланысты айыптыларды өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы өткен жылдың 8-қарашасында сот шешімі шыққан болатын.

 
Алайда, сотталушылар үкіммен келіспей, сотқа апелляциялық шағым түсірді. Бүгін Алматы қалалық сотында  осы іс қаралып, сот шағымды қанағаттандырмай, қылмыскерлердің жазасын сол күйінде қалдыру туралы үкім шығарды.
Сот залына жәбірленуші тараптың туыстары мен қолдаушылары осылай әрең кірді. Тар алқада ине шаншар жер қалмады.
 
Қылмыскерлер Тұрдиев пен Мамреев өз шағымдарында өздеріне тиесілі жазаның тым қаталдығын айтып, жеңілдетуді сұраған. Ал, Мұқажанов болса сол екеуінің азғыруымен қылмысқа барғанын, оған алдын ала дайындалмағанын, қолында еш қаруы болмағанын, тек ұрлық жасаймын деп барғанмын,- деп соттың үкімімен келіспей отыр.
 
Қорғаушысы да  Мұқажановтың денсаулығының нашарлығын, бұрын сотталмағанын, қылмысқа қорыққаннан барғанын айтып, оған 10 мен 20 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
 
Фатима Тілеумұратова, сотталушы Бақытжан Мұқажановтың қорғаушысы:
Ол жерге Мұқажанов такси жүргізуші ретінде барып, аяқ астында осындай қылмысқа тап болғанын айтады. Сонымен қатар, ол алдын ала бұл қылмыстық іске дайындалмағанын, өлтіру қылмысы болатынын білмегенін көрсетеді.
 
Ал, шаңырағы шайқалып, қайғыдан қан жұтқан азамат Ержан Сатыбалды керісінше, оларға өмір бойы темір тордың ар жағында отырудың өзі аздық етеді, - деп соттан әділдік сұрады.
 
Ержан Сатыбалды, жәбірленуші:
Аузынан сүті кеппеген сәбиді, аяғы ауыр ананы, өзінің бауырындай жас жеткіншекті аямаған адамды неге аяймыз?!
 
Прокурор да айыпталушылардың қылмыстарының толық дәлелденгенін айтып, соттан жазаны жеңілдетпеуін сұрады.
 
Лұхмат Мерекенов, Алматы қалалық сотының судьясы:
Апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімге келдік. 
 
Ержан Сатыбалды, жәбірленуші:
Бүгінгі судья әділ шешім шығарды, рахмет. Ешкім енді мұндайды көрмесін. Қазақ қайғы жұтпасын.
 
Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші: 
Олар бүгінгі шешіммен тағы келіспесе, енді Елбасының атына шағым түсіріп, кешірім сұрауға құқықтары бар. Ал, жәбірленуші жақ оларға өлім жазасын бергізу үшін әрекет ететіндерін жеткізді.
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу