Сот рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Заң жобасы мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сот рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Заң жобасы мақұлданды

05.03.2014
Сот рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Заң жобасы мақұлданды

Мәжілісте сот рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл құжат азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын тиімді әрі дер кезінде қорғауды көздейді.

 
Сондай-ақ, судьялар тәуелсіздігін күшейтуге, олардың лауазымдарына кандидаттарды конкурстық іріктеу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.
 
Атап айтқанда, Заң жобасымен облыстық сот төрағаларына кандидаттарды іріктеуде судьялық өтілдің болу міндеті 5 жылдан 10 жылға дейін көтеріледі.
Бұл жалпы судьялық корпустың кадрлық әлеуетінің артуына оң ықпалын тигізеді.
 
Сонымен қатар, Азаматтық іс жүргізу кодексіне бітімгершілік келісім жасасу рәсімін егжей-тегжейлі регламенттеу нормалары да қарастырылып отыр.
 
Құжат бойынша тараптарды дауды бейбіт жолмен шешуге ынталандыру мақсатында бітімгершілік келісім жасасу қарастырылған. Бұдан бөлек, дауды алдын ала сотқа дейінгі тәртіппен шешетін істер тізбесін бекіту көзделіп отыр.
 
 
Бағлан Мақұлбеков, ҚР Жоғарғы сот судьясы:
 Ақша төлеуге қатысты мәселелер жазбаша дәлелдерге негізделген жағдайда, сот ісін қарауды жеңілдету ұсынылып отыр. Бұл жерде жеке тұлғалар үшін 100 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғалар үшін 500 айлық есептік көрсеткіш шамасында қарастыру ұсынылуда.
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу