Қызылордалық ақсақал өз үйінен жеке кітапхана ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық ақсақал өз үйінен жеке кітапхана ашты

05.03.2014
Қызылордалық ақсақал өз үйінен жеке кітапхана ашты

«Бар байлығым - жинаған кітабым», дейді қызылордалық Молдарай ақсақал. Сондықтан да, қария жеке қорындағы 7 мың кітапты көзінің қарашығындай сақтап келеді. Рухани қазынаның игілігін жас ұрпақ та көрсін деген ниетпен Молдарай Дүйсенбайұлы өз үйінен кітапхана ашты.

 
Молдарай ақсақалдың үйінен ешқашан адам үзілмейді. Әсіресе, жастар жиі келеді. Әркім өзіне қажетті мәліметті іздеп, тауып алып жатыр.
 
Гүлжанат Ұлтанбекова, студент:
Біз атаның кітапханасына келіп, өзімізге керекті мәліметтерді аламыз.
 
Өмірін балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнаған ұстаздың зейнетке шыққанына 10 шақты жыл болды. Содан бергі ермегі - осы. 
 
Жинап-терген кітаптарын ақтарады, тақырыптар бойынша оларды жүйелейді, іздегенде оңай табу үшін әр сөреге бөліп қояды.
 
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Жалпы, кітапханадан кез-келген адам өзіне қажетті мәліметті таба алады. Яғни, бұл жерде кітап қана емес, газет-журналдардың да тігінділері бар. Мәселен, «Жұлдыз» журналының 1963 жылдан осы уақытқа дейінгі барлық нөмірі жиналған. Ал  250 қорапшада түрлі тақырыптар бойынша мәліметтер жинақталған.
 
Әрбір кітап, әрбір газет пен журналдың тігіндісі сөрелерге тап-таза, мұқият қойылған. Молдарай қария қазір жеке кітапханасының ауқымын кеңейтуді ойлап жүр. Өйткені, кітап қоры күннен-күнге көбейіп келеді.
 
Молдарай Дүйсенбайұлы, жеке кітапхана иесі:
Бұл Үкіметтің тіркеуінде жоқ. Менің өтінішім, осы кітапхананы заңдастыратын нұсқау, ереже болса, деймін. Келешекте балалардың қажетіне жарар, деп ұстап отырмын.
 
Бала кезінен кітапқа әуес болған Молдарай ақсақалдың бар ойы - құнды қазынаны аяқ астында қалдырмай, кейінгі ұрпаққа осы күйінде тапсыру.
 
Заман ағымына қарай қазіргі жастар ғаламторға шырмалғанымен, әйтеуір, күндердің бір күнінде кітаптың рухани байлық екендігіне көздері бір жетер, деген үмітте.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу