«Орал» кемесінде қазақ қызы қызмет етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орал» кемесінде қазақ қызы қызмет етеді

04.03.2014
«Орал» кемесінде қазақ қызы қызмет етеді

аспий теңізінің қазақстандық бөлігінің шекарасын күзететін «Орал» кемесінде өрімдей қыз қызмет етеді. Су көлігінің байланыс саласында міндетін мүлтіксіз орындап жүрген аруды әріптестері де мақтан тұтады. Өйткені, ол теңіздің тайдай толқындарымен тайталаса жүріп, әскери өмірдің темірдей тәртібіне шыңдалып келеді.

 
25 жастағы Жанар - жоғары білімді заңгер. Ақтөбенің тумасын бала кезден теңіз тәнті еткен. Әскери теңіз күшінде қызмет ету үшін өзі әу баста таңдаған мамандығынан бас тартуға тура келді. Арман қуған ару 2011 жылдан бастап теңіз құрылымында еңбекке араласа бастады.
 
Соңғы бір жылда тапжылмастан «Орал» кемесінде байланысшы болып жұмыс істейді. Шекара шебін қорғауда оның қызметі маңызды рөл атқарады. Экипаждағы 30 теңізшінің барлығы да ер азаматтар. Әрине алғашында кілең жігіттің ортасында қызмет ету Жанарға оңайға соқпапты.
 
Жанар Ибраева, «Орал» кемесінің байланыс қызметкері:
Басында ер азаматтардың қасында жұмыс істеу өте қиын болды. Біртіндеп үйреніп кеттім. Орал қаласында болдым. Осы кемені суға түсірдік. Басынан келе жатырмын. Өте қатты ұнайды.
 
Темірдей тәртіпті талап ететін әскери өмірде жігіттермен иық тірестіріп, тайсалмай жүрген нәзік жанның орны айрықша. Оны әріптестері де жоғары бағалайды. Өйткені, Жанар «бортта әйел адам болса, бақытсыздық әкеледі» деген теңізшілердің «жазылмаған заңын» жоққа шығарды.
 
Қайрат Шаршанқұлов, «Орал» кемесінің капитаны:
Қыздың кемеде болуы жамандық әкеледі деген дәстүр болатын бұрыннан. Бірақ кемемізде теңізге түсіргеннен бастап қыз бала әскери қызметші болып келеді. Ер адамдардан кем болмай, абыроймен қызмет атқаруда. Сол себептен жалғыз қыз болғасын еркелетеміз.
 
Каспийдің алып толқынын ауыздықтап жүрген әскери қызметкерлер ел шекарасының тыныштығын кірпік қақпай қорғайды. Теңізші қыздың кемедегі өмірінің қызығы мен қиындығы көп.  
 
Жанар Ибраева, «Орал» кемесінің байланыс қызметкері:
Кемеге келген адамдар бірінші рет теңізге шыққанда теңіздің суын ішеді. Дәстүр бойынша солай. Содан өткенім қызық жайт болды.
 
Кеменің көркі болған Жанардың көңіл күйі үнемі көтеріңкі жүреді. Теңізші жігіттер орталарындағы жалғыз арудың қабағына кірбің ұялатқан емес. Бәрі де туған бауырларындай құрмет тұтады. Сондықтан да ол әскери шекара кемесіндегі қызметін аброймен жалғастыра бермекші.
 
 
 
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу