Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Жаңақорғандағы қар суы алады деген ең қауіпті елді мекенде қазір сақтық шаралары күшейтілген. Техниканың барлығы осында жұмылдырылды. Әсіресе, түнде суы ернеуінен асқан «Балапансай» басты назарда. Сайдың айналасына топырақ үйіліп, қаптарға құм толтырылып, қорғаныс бөгеттері соғылуда. Сондай-ақ, қар суы шайған тұрғын үйлердің ауласы құрғатылып жатыр. Жалпы, ахуалды мамандар жіті назарда ұстап отыр. Штаб отырысы өтті, кезекшілік қойылуда. Алда келер тағы мол суға төтеп беруге барынша қам жасалып жатыр. Қауіп әлі толық сейілген жоқ. Өйткені, мамандар жаңа ғана тау бөктерін тікұшақпен тағы бір барлап қайтты. Жоғарыда қалың қар бар деп отыр. Демек, мұздықтар еріген сайын мол судың төменге ағып келері сөзсіз. Соған орай қазіргі мақсат - таудан ағар судың бағытын басқа арнаға бұру. Тағы бір айта кетерлік жайт, қазір Жаңақорған ауданында жердің тоңы 50 сантиметрден асса, қардың қалыңдығы - 30-35 сантиметр. Ал ауа райы жыли түсуде. Мамандар аудан орталығына қауіп болмағанымен, Бірлік және Жайылма ауылдарында сақтық шараларын күшейту қажеттігін айтып отыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ