«Нұр Отан» партиясының құрылғанына - 15 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясының құрылғанына - 15 жыл

27.02.2014
«Нұр Отан» партиясының құрылғанына - 15 жыл
Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына - 15 жыл. Мерейтой қарсаңында партияның бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қазақстандағы Германия мен Моңғолияның елшілерімен кездесті.
 
Дипломатиялық корпус өкілдері Астанадағы «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Бауыржан Байбек мәртебелі қонақтарды билік партиясының алға қойған мақсаттарынан хабардар етті.
 
15 жыл ішінде «Нұр Отан» партиясы шетелдік саяси партиялармен ынтымақтастық туралы 11 меморандумға қол қойған. Оның негізінде атқарылған шаруа де жетерлік. Мына кездесу де сол келісімдердің арқасында жүзеге асып отыр. 
 
Басқосуда дипломаттар «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арнасында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, азаматтық келісім, мен бірігуге бағытталған партияның жұмысы жөнінде жан-жақты мағлұмат алды.
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары:
Енді бірнеше күннен соң біздің партиямызға 15 жыл толады. 15 жыл дегеніміз ол - біздің партияның халықпен бірге жүріп өткен табысты да, ауыр жолы. Елбасымыздың басшылығымен 22 жылда елімізде орасан зор өзгерістер болды. Бүгінгі таңда біздің азаматтарымыздың әл-ауқаты ұдайы артып келеді. Партияның 15 жыл бойғы мақсаты - бірлікті, әл-ауқатты және біздің қоғамдағы келісімді қамтамасыз ету.
 
Дипломатиялық корпустың өкілдері ашықтық, есептілік, тиімділік пен жауапкершілік ұстанымына негізделіп құрылған жаңа үлгідегі «Нұр Отан» партиясының жұмысымен танысты.
 
Жағир Сухуээ, Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
«Нұр Отан» партиясының жемісті жұмысы бәрімізге аян. Сапаға мән берген жұмыстың арқасында халықтың кең қолдауына ие болды. Соңғы 15 жылда Қазақстан тез және қарыштап дамып келеді. Яғни халықтың әл-ауқаты да жақсара түсуде. Осының бәрі партия мен оның мүшелерінің еңбегі. «Нұр Отан»  партиясы мен оның мүшелерін 15 жылдығымен құттықтаймын. Республика мен елдің игілігі үшін бұрынғыдан да зор табыстар тілеймін.
 
Хидо Херц, Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:  
«Нұр Отан» партиясын 15 жылдығымен құттықтаймын. Маған «Нұр Отан» партиясының орталықшылдық бағыт ұстанатыны ұнайды. Бұл - партияның елдің саяси өміріне белсене араласудағы үздік тәсілі. Партия Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа партияның 15 жылдық жемісті жұмысына байланысты өз құттықтауымды білдіргім келеді.
 
XV съезде қабылданған партияның жаңа саяси Доктринасы «Нұр Отанның» ел ішінде ғана емес, сонымен қатар шетелде де неғұрлым тиянақты және тиімді орнын табуына мүмкіндік туғызды.
 
Партияның идеологиялық платформасы - орталықшылдық, басқа партиялармен қатынасты қалыптастыра отырып, жаңа идеологиялық бағытта халықаралық ынтымақтастықты жүйелеуге көмектеседі. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының делегациясы Ирландияда өтетін Еуропа халықтық партияларының ХХІІ Конгресіне қатысуды жоспарлап отыр. 
 
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу