«Қазпошта» АҚ тарапынан жасалған оңтайландыру салдарынан Павлодар облысындағы пошта бөлімшелерінің 60 пайызға жуығы жабылды. Тұрғындарының саны екі мыңнан аз ауылдарға енді қызмет көрсетудің жаңаша түрі ұсынылып жатыр.
Яғни, айына екі мәрте көшпелі пошта барады. Хат-хабар, тұрғындардың еңбекақысы мен зейнетақысын үлестіреді. Осылайша шалғай елді мекен тұрғындары кез келген төлем қағаздары мен анықтама алу мүмкіндігінен айырылып отыр.
Пошта байланысын оңтайландырудан кейін, әсіресе Ертіс ауданы оңбай қалды. 17 пошта бөлімшесінің 13-і жабылды. Өйткені, шағын ауылдарда қызметкерлерді ұстап тұру акционерлік қоғамға тиімсіз көрінеді.
Ахат Кәріполлин, Ертіс аудандық пошта торабы бөлімшесінің басшысы:
Қаржылық жағынан тиімсіз. Рентабельділігі төмен. Пошта байланысы торабын оңтайландыру шаралары жүргізілді.
Енді ауыл адамдары шығынға батып жатыр. 50-60 шақырым жерден тұрғындар аудан орталығы Ертіске келуге мәжбүр. Өйткені, көшпелі пошта ауылға айына екі-ақ рет барады.
Үміт Мұқатова, Луговое ауылының тұрғыны:
Телефон, жарық, ветеринарлық анықтамалардың барлығын төлеу үшін жол қымбат. Егер автобуспен барсақ таңертең кетіп, кешке бірақ келеміз. Бізге қиын, пошта керек.
«Қазпоштаның» жаңаша қызмет көрсетуі мемлекеттік мекемелер үшін де тиімсіз болып шықты. Ауылдағылардың ауданға, аудандағылардың қалаға сабылуы жиілеп барады. Себебі, орындалу мерзімі шектелген құжаттар көп. Бұрын олар жедел поштамен тапсырыс хат ретінде жіберілетін.
Әлібек Ыдырысов, Луговое ауылының әкімі:
Күнделікті ақсақалдар келіп, ауылдастар келіп осы сұрақты көтеріп отыр. Біліп отырмыз, бұл біздің деңгейде шешілмейді. Бұл үлкен мәселе.
Болат Аманбаев, тілші:
Қазір әркімнің қолында мынандай қалта телефоны бар. Сондықтан хат жазу, хат күту деген түсінік ұмытылып бара жатыр. Көп адамдар «Қазпоштаны» газет және зейнетақы таратумен шектеледі деп санайды. Бірақ бұл мекеме халыққа 50-ге жуық қызмет түрін көрсетеді екен.
Алайда алыс ауылдардың тұрғындары үшін ол қол жетпес арман болып қалды. Өйткені, тұрғындар саны екі мыңнан аз елді мекендерде пошта бөлімшелерін оңтайландыру сылтауымен жауып тастады.
Болат АМАНБАЕВ