Экотакси жүргізушілеріне шабуыл жасау деректері көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экотакси жүргізушілеріне шабуыл жасау деректері көбейді

27.02.2014
Экотакси жүргізушілеріне шабуыл жасау деректері көбейді
Қазір қай жерде де бәсеке. Күндіз-түні жолаушысы ағылған автобекет, теміржол вокзалдарын былай қойғанда, әуежайларда да клиентке талас толастамай келеді.
 
Артынып-тартынған, жолсоқты болып келген жолаушыларды жергілікті таксистер арзан бағамен арбаса, экотаксишілер қауіпсіз әрі қалтқысыз қызметімен қызықтырады. Таңдау жолаушының еркінде.
 
Әйтсе де, былтырдан бері соңғысына сенім білдірушілер көп. Ал бұл, бұрыннан осы аймаққа «тіркелген» жергілікті жүргізушілерге ұнамайды. Экотакси қызметін қыспаққа алып, жүргізушілерін сабап, машинаны жүргізбей қоюға барлық амалды жасауда. Осыдан бір апта бұрын Алматы халықаралық әуежайында экотаксиге тағы шабуыл жасалды.
 
27 жастағы Ләззаттың мемлекет иелігіндегі ресми такси қызметін пайдаланып жүргеніне жарты жыл. Дәл уақытымен, жетер жеріне тез жеткізетін көлік қызметіне көңілі тоқ. Бастысы – қауіпсіз, дейді.
 
Ләззат Мыңбаева, қала тұрғыны:
Мұнда тапсырыс бергеннен кейін бірнеше минуттан кейін қоңырау шалынады. Көліктің нөмірін хабарлайды. Сондықтан қауіпсіз такси екеніне көзім жетті.
 
Дегенмен халықтың көбі әзірге қалтасына қарай көшедегі кез келген көлікті тоқтатып мінуге бейіл. Қауіпсіз көлікке халық сұранысы артып еді, жекеменшік жүргізушілер ызаға булықты.
 
Мына бейне көрініс Алматы әуежайында түсірілген. Белгісіз біреулер қаңтарулы көліктің екі дөңгелегін тесіп, әйнегін сындырады. Экотакси қызметіндегілердің айтуынша, мұндай сорақылықты Үкіметке салық төлемейтін заңсыз тасымалдаушылар жасаған.
 
Өйткені, осының алдында олар жүргізушіге сес көрсетіп, әуежай маңына машина қоймауын бұйырған.
 
Қуанышбек Қапашев, «Экотакси» мен «Командир такси» компаниясының директоры:
Бұл жағдай компанияға 100 мың теңге шығын әкелді. Жүргізуші де 1 апта жұмыссыз жүріп, отбасын асырай алмайды. Осындай жағдайлардан 1 жыл ішінде 1 миллион теңге шығынға ұшырадық.
 
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
«Командир такси» ЖШС басшылығы өткен жылдың соңына таман полицияға 2 рет шағымданған болатын. Бұзақылық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы 2 факті бойынша әуежайда орналасқан бейнекамералардағы мәлімет талданып, сезіктілер анықталды. Оның бірі - жаяу жүргінші болса, екіншісі - автокөлік мінген адамдар. Олардың аты-жөндері анықталды. Қазірде тергеу амалдары жалғасу үстінде. Жақын уақытта бұл іс міндетті түрде сотқа жеткізілетін болады.
 
Арнайы таксиге шабуыл Алматы мен Астана қалаларында жиі болады. Өткен жылы Елордада жол үстіндегі жүргізушіні белгісіз біреулер соққыға жығып, жансақтау бөлімінен бірақ шыққан. Мұндай оқиға жыл басында Алматыда да қайталанды. Ал енді бәсекелестіктен туған теріс пиғыл арнайы таксиге сенім білдірген қарапайым жолаушылардың жолын байлайды.
 
 
Жазира ИСАЕВА
 
 
 
 

Хабарламаларға жазылу