Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған еңбек жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған еңбек жәрмеңкесі өтті

26.02.2014
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған еңбек жәрмеңкесі өтті
 
Елбасы биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға етене араласуына қолдау көрсетіп, қажетті жағдай жасауды тапсырған еді. Осыған орай бүгін Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
 
 «Екі қолға бір күрек табылса», деген үмітпен келген азаматтардың қарасы көп. Жәрмеңкеде Алматыдағы 10-ға жуық ірі кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде, 30 адам жаңа жұмысқа құжаттарын тапсырды.
 
Азамат Ермаханов - І топтағы мүгедек. Осыдан 13 жыл бұрын көлік апатына түсіп, қатты жарақаттың салдарынан арбаға таңылды. Алайда, атпалдай азамат алақан жайып, жәрдем сұрағаннан аулақ, керісінше қоғамға көмегі тиетін жұмыс қарастырып, еңбек етуге ынталы.
 
Азамат Ермаханов, І топтағы мүгедек:
Үйде жатқаннан, жұмыс істеген дұрыс. Біз өзіміздің мүмкіндігіміздің барын дәлелдегіміз келеді.
 
Бұл жолы жұмыс орындарын ұсынған мекемелер қатарында әдеттегідей тігін цехтары мен сән салондары ғана емес, кондитер фабрикалары мен ірі кәсіпорындар, байланыс операторларына ұсыныс білдірген компаниялар бар.
 
Ал, кәсіби тәжірибесі жоқ жандарға, ұйымдастырушылар арнайы дайындық курстарын ұсынып, еңбек құқығына қатысты кеңестер берді.
 
Гүлбану Әжібаева, Абай атындағы ҚазҰПУ жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:
Болашақта жалғасын табады деп ойлаймыз. Себебі, қазіргі кезде нормативтік құжаттар дайындалып жатыр. Ол жерде мүмкіндігі шектеулі адамдардың көптеген жағдайларын қарастынып, көп жеңілдік жасай алады. Ұсыныстар назарға алынады деп есептейміз.
 
Әли Аманбаев, Қазақстан мүгедектері ұйымдары одағының төрағасы:
Кәсіпкерлердің арасында бүгінгідей талдау жүргізіп, асихаттау керек. Халықаралық тәжірибелерге қарасақ, мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің  жұмысын сапалы атқарады екен.
 
Бүгінде Алматы бойынша 35 мың мүмкіндігі шектеулі адам есепте тұр. Олардың тең жартысы еңбек етуге, әлеуметтік жағдайын жақсартуға қабілетті. Ал бүгінгі жәрмеңке нәтижесінде тағы 30 азамат тұрақты жұмыс орындарын тапты.
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу