Атырау облысының әкімі тікелей эфирде есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысының әкімі тікелей эфирде есеп берді

26.02.2014
Атырау облысының әкімі тікелей эфирде есеп берді
 
Биыл Атырау облысында Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІ аймақаралық форум өтеді. Айтулы шараға Атыраудың таңдалуы өңірдің одан әрі дамуына оң ықпалын тигізіп, шетелдік инвесторлар қатарын көбейтеді, деп күтілуде.
 
Ал, былтыр облыста еліміз бойынша ең көп салық, яғни, 2 триллион теңге жиналды. Бүгін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, биылғы жоспарларын жария етті.
 
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов былтырғы Жолдаудағы барлық 10 бағытқа тоқталды. Құрылыс әдеттегідей, қарқынды жүргізіліп, өткен жылы жоспар 66 пайызға артық орындалған.
 
Биыл мемлекеттік тұрғын үй қоры аудандарда салынатын 10 көпқабатты үймен толығады. Облыс үшін аса маңызды бірқатар экологиялық мәселелер де шешімін тапқан.
 
Бақтықожа Ізмұхамбетов, облыс әкімі:
Атырау қаласын көгалдандыру, абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Бұл жұмыстарды бастауға 300 миллион теңге бөлінді. Ал, құм көшкінінің алдын алу үшін ғылыми жоба жасақталып, Исатай селосындағы құм тоқтату шаралары жүргізілетін болады.
 
Қазір Құлсары қаласында жылына 30 миллион жұмыртқа өндіретін фабрика жұмыс істеп тұр. Облыс халқының қажеттілігін толық қамту мақсатында биыл тағы бір құс фабрикасы салынады.
 
Бұдан бөлек, былтыр АҚШ-тан әкелінген 170 сиыр сауыла бастады.   Картоп өсіру 2 есеге артты. Биыл ауыл шаруашылығы саласын дамытуға былтырғыдан 20 есе артық қаржы бөлінді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жергілікті кәсіпкерлер де белсене атсалысуда.
 
Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Әрине, шешімін табуы тиіс мәселелер де жеткілікті. Елді мекендерді балабақшамен қамту, мәдениет ошақтарының бой көтеруі, таза ауызсумен, газбен қамту мәселелері бар.
 
Былтыр Атырауда республикада алғаш рет ең көп салық жиналды. Яғни, облыс қазынасына 2 триллион теңге түсті. Елбасының тапсырмасымен мұнай алпауыттарының қасында инновациялық бағыттағы шағын және орта бизнес дамуда.
 
Облыс мектептеріндегі үшауысымдық мәселесі түбегейлі шешілді. 10 апатты мектептің биыл 4-еуі жаңарады. Қалған алтауының құрылысы келесі жылы салынады.
 
Облыс орталығының келбетін айшықтай түсетін бірнеше ірі нысан бой көтереді. Олардың қатарында салтанат сарайы, көрме орталығы, Достық үйі, Оқушылар сарайы, теннис корты мен ипподром бар.

Хабарламаларға жазылу