Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасарына қатаң ескерту жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасарына қатаң ескерту жасалды

26.02.2014
Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасарына қатаң ескерту жасалды
 
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында үйі су астында қалған азаматтарға тиісті көмек көрсетіледі. Ол үшін облыс әкімдігінің резервінен қаражат қарастырылмақ. Бұл туралы бүгін   тұрғындармен кездесуі кезінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.
 
Қазір арнайы құрылған комиссия шығынды есептеп жатыр. Әзірге 30 үйдің ауласына су кірген, 10 шақты үй жөндеуді қажет етсе, екі үй апатты жағдайда деп танылды.
 
Жамаладин Әбілбашаров - Ауған соғысының ардагері, ІІ топтағы мүгедек. Тасқын судан зақымданған нысандардың бірі - осы азаматтың үйі. Қабырғасына сызат түсіп, іргетасы мүжілген баспанасының жағдайын біз кешегі   бейнематериалымызда айтып, көрсеткен едік. Міне, осы отбасының шаңырағы алғашқылардың бірі болып қалыпқа келтіріледі.
 
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
Тезірек қажет қаражатын есептеп, заң талабына сәйкес ұсыныстарыңызды жіберіңіздер, тиісті көмек көрсетіледі. Екі үйді су басып кеткен. Оның бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтың баспанасы екен. Оған бюджеттен тыс мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тиісті көмек жасалынсын. Барлық мәселе шешімін табатын болады.
 
Алғашқы қарғын су халықты есеңгіретіп тастағаны рас. Ал аудан әкімінің орынбасарының төтеннен келген тасқынға төтеп бере алмай, онсыз да абдырап жатқан тұрғындарға дөрекілік танытып, орынсыз жекігені эфирден көрсетілді.
 
Осыған орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан әкімінің орынбасарына қатаң ескерту жасады. Қаншалықты күрделі мәселе болғанымен, мемлекеттік қызметтің этикасын сақтау қажет екенін нықтап айтты.
 
Сондай-ақ, облыс әкімі аудан орталығын аралап, су шайған жерлерді өз көзімен көрді. Халықпен кездесіп, мәселенің мән-жайымен танысты.  
 
Айта кету керек, мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Төтеннен келген тілсіз жауға тіпті мамандардың да төтеп бере алмай қалғаны сондықтан.
 
Әділхан Қарлыханов, Арал-Сырдария бассейндік су шаруашылығы инспекциясының бастығы:
Келешекте мұндай жағдайды болдырмау үшін тиісті шаралар атқарылуда.
 
Қазір жағдай біршама қалыпқа келді. Тек Бірлік ауылы тұсында қауіп сейілмей тұр.
 
Әріпбек Асанов, Бірлік ауылының тұрғыны:
Тауда қар көп, бізге су сол жақтан келеді. Жаңбыр жауса, су алып кетуі мүмкін. Қауіптеніп, күндіз-түні кезекшілікпен қарап отырмыз.
 
Синоптиктер наурыз айында Жаңақорған ауданында ауаның температурасы +15,+20 градусқа дейін жылиды және жауын-шашын мол түседі, деген болжам айтуда. Ал бұл жағдайды тағы да күрделендіріп жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан да, сақтық шаралары онан әрі күшейтілуде.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
 
 
   

Хабарламаларға жазылу