Кәсіпкерлердің ісінен ілік іздегендер аты-жөнін жасырып, арыз жазуға көшкен сыңайлы. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы сауда орындарында санитарлық-эпидемиологиялық талап сақталмай отырғанын айтып, шағымданған азаматтың жалған анкеталық анықтама толтырып арызданғаны анықталды.
Кәсіпкерлердің кәсібіне кедергі келтіруді көздеген азамат өзін осы елді мекеннің тұрғыны ретінде таныстырған. Сайрам ауданы мемлекеттік Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы болса, тексеру актісін тағайындаған.
Алайда, кәсіпкерлерді тексеру актісінің заң талаптарына сәйкестігін саралаған Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті арыз жазған азаматтың тіркелмегенін анықтады.
Нәтижесінде, құзырлы мекеме заңсыз тағайындалған актіні тіркеуден бас тартты. Осылайша, өзгенің қолымен от көсемек болған тағы бір белгісіз тұлғаның жолы кесіліп, 40 кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Ләззат Балданова, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ОҚО бойынша басқарамасының аға прокуроры:
Арыз келіп түскен кезде біздің қызметкердің күмәнданғаны - Расулходжаев деген адам 40 кәсіпкердің РНН нөмірін жазып отыр. Мұны қалай біледі деп, жүйеден қарайды. Нәтижесінде мұндай адамдардың жоқ екені анықталды.
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ