Қызылжарда «Үміт» деген көше бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылжарда «Үміт» деген көше бар

25.02.2014
Қызылжарда «Үміт» деген көше бар
 
Қызылжарда «Үміт» деген көше бар. Атауы еш жерде жазылмаса да, тұрғындар осылай атайды. Өйткені, дәл осы көшенің бойында тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған интернат орын тепкен. Тағдыр тауқыметін тартса да үміті үзілмеген 20 шақты жеткіншек осында тәрбиеленеді. 
 
Сәлімхан Сәбитов интернаттан осыдан 4 жыл бұрын қанат қаққан еді. Аяғын сүйретіп әзер жүрсе де, асқар арманы мен таудай талабын арқалап Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсті. Биыл дипломын алып, маман атанбақ. Болашаққа деген жоспары көп, қаламы қарымды тілші болсам дейді. 
 
Сәлімхан Сәбитов, СҚМУ студенті:
Оқшаулану деген ой жоқ. Себебі бізге интернатта барлық жағдай жасалды. Қазір мен өзімді ешкімнен кем санамаймын.
 
Абай болса қазір мектепте оқиды. ІІІ топтағы мүгедек. Музыкаға жақын, ән салғанды жақсы көреді. Оның да арманы биікте.
 
Абай Күзембаев, интернат тәрбиеленушісі
Мен барлығы сияқты жүргім келеді. Менің арманым бар. Үлкен эстрадада ән айтқым келеді.
 
Тағдыр тауқыметін әлі жете түсіне қоймаған балалар үшін үлкендердің басынан сипап, демеу сөз айтқанының өзі үлкен қуаныш. Өңір басшысы Самат Ескендіров жеткіншектердің әрқайсысына   планшет тарту еткенде олардың көңілдері бір көтеріліп қалды. Алдауды білмейтін ойын балалары емес пе, облыс әкімінен көмек сұрады, тіпті ата-анасының қамын ойлап пәтер беруді өтінгендер де бар.
 
Татьяна Лузакова, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат директоры:
Әр балаға жеке оңалту бағдарламасы әзірленген. Ғимарат 20 балаға ғана арналған. Ал өңірде мүгедек балалар одан көп. Сондықтан ата-аналар баларын бізге беріп, денсаулығын жақсартуын қалайды. Осыған орай ғимаратты кеңейтсе екен деген тілегіміз бар.
 
Қазір интернатта 20 бала тұрады. Барлығы да мектепте білім алуда. Бұған қоса ғимаратта олардың спортпен, музыкамен айналысуларына барлық жағдай жасалған. «Үміт» көшесіндегі интернатқа үміттерін арқалап келген жеткіншектердің жәудіреген жанарынан қоғамның толыққанды мүшесі болып, асыр сала ойнасақ деген арман байқалады.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу