Әкімдер есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкімдер есеп берді

22.02.2014
Әкімдер есеп берді
 
Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев тікелей эфирде халыққа есеп берді. Тұрғындар электронды пошта арқылы сұрақтарын жолдады. Облыс басшысына телекөпір арқылы да сауал қоюға 5 аудан мен Жаңаөзен қаласының тұрғындары мүмкіндік алды.
 
3 сағатқа созылған кездесуде барлығы 30 шақты сұрақ қойылды. Ауыл тұрғындарын көбіне мектеп, емхана, балабақша жетіспеушілігі толғандырады екен. Сондай-ақ, геология, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салалары тақырыпқа тұздық болды.
 
Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі:
Өңір экономикасының өсімі 2,3 пайызды, ал ЖІӨ өсімі 102,3 пайызды құрады. Мемлекеттік бюджетке түсетін салықтар мен төлемдер бойынша Маңғыстау облысы жоспарды асыра орындады. Облыстың шығыстар бөлігі 2013 жылы 5 миллиард 700 миллион теңгеге ұлғайып, 131 миллиард 100 миллион теңгеге жетті.
 
Ал Солтүстік Қазақстан облысында жалпы өңірлік ішкі өнім өткен жылдың 9 айында 11 пайызға өсіп, 517 миллиард теңгеден асты. Халық алдында есеп берген облыс әкімі Самат Ескендіров өткен жылды қорытындылап, тындырылған істерді таразылады. Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының өзегі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан бұл саланың дамуы ерекше назарда. Өткен жылы өңір диқандары ел қамбасына 5 миллион тонна астық құйды. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді.
 
Асылтұқымды мал фермалары құрылып, 97 мың тоннадан астам ет саудаға шығарылды. Өнеркәсіп саласы да даму үстінде,- деді өңір басшысы. Қазір облыста индустрияландыру картасына енген 31 жоба жүзеге асырылуда.
 
 

Хабарламаларға жазылу