72 пәтерлі үй өткен жылдың 1-ші желтоқсанында пайдалануға берілді, -деп ресми ақпар таратылған болатын. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандарға пәтерлерінің кілті тапсырылды. Бірақ, мұның барлығы «спектакль» болып шықты. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бұл үйден бірде-бір адамға пәтер бермепті. Үш ай бойы бос тұрған.
Асқар Шөмшеков, «ПавлодарЭнерго» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі:
Біз әкімшілікке бірнеше ескерту жібердік. 9-шы қаңтарда осы үй жылудан ажыратылды. 1,5 ай бойы әкімшіліктен ешкім келіп тексерген жоқ. Қарыздары 1 миллион теңгеден асты.
Ал, қала әкімшілігі жылуға тиесілі қарыз 1 миллион теңге емес, небәры 145 мың теңге, -деп бет бақтырмай отыр. Оның үстіне жылудың ажыратылатыны бізге ескертілмеді, -дейді.
Негізі олар бұл үйді үш күн бұрын облысқа іссапармен келген Өңірлік даму министрінің орынбасары Серік Нокинге көрсетуді жоспарлайды. Яғни, 400 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысына ұядай қылып үй салдық, демек болған.
Жылу жүйесінің қатып жатқаны сонда ғана белгілі болыпты.
Ертарғын Шахман, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
Үкімет бағдарламасының үйін кесіп тастап отыр бұлар. 145 мың дейді. Мен оны қалай төлеймін?
Болат Аманбаев, тілші:
Қатып қалған жылу жүйесін жөндеу үшін еден тақтайшалары қопарылып жатыр. 72 пәтердің құбырларын қыздырып, жібіту керек .Бұл қосымша шығын. Оны кім өтейді, кім кінәлі?
Қарызын жаппаған қала әкімшілігі ме, әлде қақаған қыста жылуды ажыратқан монополист пе? Енді оны сот анықтайды.
Болат АМАНБАЕВ