Мүмкіндігі шектеулі жан ауданды нан өнімдерімен қамтып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жан ауданды нан өнімдерімен қамтып отыр

21.02.2014
Мүмкіндігі шектеулі жан ауданды нан өнімдерімен қамтып отыр

 

Лариса Мырзағалиева - Батыс Қазақстан облысының бір ауданын нан өнімдерімен қамтып отырған жан. Ауылдағы белді бизнестің иесі, кезінде ауыр дерттің салдарынан мүгедек болып, жұмыссыз қалған еді. Алайда, басқа түскен қиындыққа мойымады. Жәрдемақыға алақан жайғанды жөн көрмеген әйел пісірген нанын саудалап, нәпақасын тапты.
 
Лариса - тағдыр тауқыметіне жасымаудың үлгісін көрсете білген жан. Жұбайы қысқартуға ұшырап, өзі дертіне байланысты жұмыссыз қалғанда, ол мүгедекпін демеді, қолынан келетін істі кәсіпке айналдырды.Бастапқыда 4 бөлкеден сатып, күнделікті керек-жарағын айырса, кейін тұрғындар арасында нанға сұраныс артыпты.
 
Лариса Мырзағалиева, ІІ топтағы мүгедек:
Мен үйде отырып нан пісіремін, жолдасым  жазды күндері велосипедпен, қыс мезгілінде ат шанамен нанды дүкендерге тасиды. Кейін түсетін пайда көбейіп, өзіміз көлік сатып алдық. Енді сол көлікпен тасимыз.
 
Бүгінде наубайханада тәулігіне 1000 бөлке нан пісіріледі. Қажетті құралдармен жабдықталған. «Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде кәсібім одан сайын дөңгелене түсті», дейді кәсіпкер.
 
Лариса Мырзағалиева, ІІ топтағы мүгедек:
«Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша несие алдық. Ғимаратымызды заман ағымына сай жөндеуден өткіздік. Нан өнімдері түрлерін көбейтсек, деп отырмыз.
 
Наубайханада 10 адам екі ауысымда еңбек етеді. Солардың бірі - Жұлдыз Жантұрғанова. 4 жыл бұрын жұмысқа тұрған келіншек нан пісірудің оңай шаруа емес екенін айтады.
 
Жұлдыз Жантұрғанова, нан пісіруші:
Қазір нан өнімдерінің түр-түрін пісіруді үйредім. Сырттан қараған кісіге оңай көрінеді, бірақ, жұмыс қиын.
 
50 теңге тұратын дәмді нанға сұраныс әркез жоғары. Сондықтан, дайын өнім аудан орталығымен қатар, алыс-жақын елді мекендерге де тасылады. Жұрттың бәрі Лариса Мырзағалиеваның наубайханасынан шыққан нанға әуес.
 
Рауан ДИӘЛИ

 

Хабарламаларға жазылу