Алматыда бала ұрлағандар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бала ұрлағандар ұсталды

21.02.2014
Алматыда бала ұрлағандар ұсталды
 
Алматыда бала ұрлап, ата-анасынан қомақты қаржы талап еткен 4 күдікті ұсталды. Полицейлер бірнеше сағаттың ішінде ұрланған 15 жастағы оқушыны тауып, аман-есен туыстарына қайтарды.
 
Оқиға 18 ақпанда болған. Ұрланған бала - Бостандық ауданына қарасты Алмагүл ықшамауданының тұрғыны. Әкесінің шағын бизнесі бар екенін білетін күдіктілер біраз уақыттан бері оқушыны аңдып жүрген.
 
Ақыры, сол күні арам ойларын іске асырып, таңертең мектепке дейін такси тоқтатып тұрған жерінен баланы алдап, алып кетеді. Кешке дейін жалдамалы пәтерде жасырады.
 
Баланың ата-анасына қоңырау шалып, ұлдарының ұрланғанын хабарлайды және оны бостандыққа шығару үшін 150 мың АҚШ долларын талап еткен. Баланың туыстары бірден полицияға шағым түсіреді. 
 
Салтанат Әзірбек Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы «Арлан» арнайы жасағы қызметкерлерімен бірлесе отырып, Қарасай ауданының 29 жастағы тұрғынын және Алматы қаласының тағы бір тұрғынын қолға түсіреді.
 
Ал, қалған 2 күдікті 19-ақпан күні полицейлерден қашып бара жатып, Әуезов пен Гоголь көшелерінің қиылысында жол-көлік апатына ұшырады. Ешкім зардап шеккен жоқ. Ұсталған күдіктілердің екеуі де Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Жасаған қылмыстарын толық мойындап отыр.
 
Азиз Құдайбердиев, күдікті:
Не үшін ұрлағанымды білмеймін. Менің жұмысым баланы үйге дейін алып келу болды.
 
Күдіктілердің барлығы да еш жерде жұмыс істемейді, бұрын сотталмаған. Бүгінгі күні олардың үстінен адам ұрлығы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
 
Қылмыстары толық дәлелденсе, баланы барымталағандар 7 жылдан аса мерзімге темір торға тоғытылады.
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу