Дін қызметкерлері аттестациядан өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дін қызметкерлері аттестациядан өтті

21.02.2014
Дін қызметкерлері аттестациядан өтті
 
Алматыда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен қалалық дін қызметкерлері аттестациясының қорытынды жиыны өтті.
 
Аптаның сейсенбісінен басталған сынаққа 18 бен 80 жас аралығындағы 118 мешіт қызметкері қатысты. Діни басқармада имам, ұстаз және азаншылар Қазақстан тарихы, ұлттық салт-дәстүр, ҚР Конституциясы, шариғат, Ислам құқығы мен сенімі, Еңбек Кодексі бойынша сынақ тапсырды.
 
Билет бойынша келетін сұрақтарға ауызша әрі жазбаша жауап беріп, әрқайсысы өз білім деңгейін көрсетті. Бас мүфтидің бастамасымен биыл қолға алынған сынақ алдымен ОҚО-да өткізілген. Енді бұл үрдіс мегаполистен соң, Алматы облысында жалғасып, жыл аяғына дейін барлық облыста өткізілетін болады.
 
Нұрбек Есмағамбет, Алматы қаласының бас имамы:
Біріншіден, 118 имамның білім деңгейі тексерілді. Егер білім деңгейі жоғары болса, оларды ҚМДБ-ның арнайы резервіне қою мәселесі нақтыланады. Егер білім деңгейі төмен болса, мақсат - оларды имамдарды мешіттен қуу емес, білімін көтеру. Яғни, Діни басқарманың білікті мамандары арқылы білімін жоғарылатуға мүмкіндік беру.
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу