2011 жылы VII қысқы Азиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің орындау дирекциясы АҚ-ның телерадиотаратылым және медиатехнология басқармасының басшысы болған Айдар Мусин қамауға алынды. Себеп - спорт нысандарындағы шаруашылық жұмыстарды игеруге бөлінген қомақты қаржыны өз пайдасына жаратқан.
Қысқы Азиада ойындарын өткізерден 2 жыл бұрын спорт кешендерінде телерадио құрылғыларын орнататын «Q -Servise» ЖШС пайда болды. Жас компания жұмысын бастамай жатып, ірі тапсырыстарға кенеледі.
Азиада кезінде шартарапқа ақпарат тарататын желілерді жүргізу - осы серіктестікке бұйырды. Сол тұста Азиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің телерадиотаратылым және медиатехнология басқармасының басшысы Айдар Мусин кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысып, компанияны туысқандарының атына тіркейді. Сол арқылы мемлекет қаржысына қол салады.
Жақсылық Жақыбаев , Алматы қалалық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:
Тергеу барысында Қаржы полициясының қызметкерлеріне белгілі болғандай , күдіктіге 2009 жылдың тамыз айынан бері ұйымдастыру комитетінің тарапынан бөлінген 1,4 миллиард теңгенің 600 миллион теңгесіне жуығын жымқырды деген айып тағылып отыр.
Жеңіл пайда өрге бастырмайды. Республикалық бюджетке қол салған күдіктіге қатысты айғақтарды қалалық қаржы полициясы анықтаған. Күні кеше ол Медеу аудандық сотының санкциясымен қамауға алынды.
Амангелді Иманғалиев, Алматы қалалық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіТергеу басқармасының бастығы :
Өткен жылы спорт нысандарында құрылыс мамандарымен бірлесіп, «Q-Servise» серіктестігі атқарған жұмысты тексердік. Телекоммуникациялық құрылғыларды орналастыруда жұмсалған қаржыны артық мөлшерде көрсеткен. Күрделі тексеру сараптамасынан кейін мұның негізсіз екенін дәлелдедік.
Тергеу жұмыстары толығымен дәлелденсе, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 176-бабы 3-бөлігі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу және ысырап ету тармақшасы бойынша жазаға тартылады. Халқының емес, қара басының қамын күйттеген азамат ендігі 10 жыл өмірін темір тордың ар жағында өткізеді.
Айгүл ЕРМАХАН