Қазақстанда сәби саудасы тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда сәби саудасы тыйылмай тұр

17.02.2014
Қазақстанда сәби саудасы тыйылмай тұр
Елімізде сәби саудасы тыйылмай тұр. Өткен жылы 25 баланы аналары саудаға салған. Ең сорақысы, олар «тұрмысымыз төмен», «күнкөрісіміз қиын болғандықтан осындай әрекетке бардық», деп ақталыпты.
 
Биылдан бастап, мұндай қадамға барғандарға Заң қатайтылды. Енді құрсақ саудасына қатысы бар жандар 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
 
6 мың АҚШ доллары. Алла есімді мына әйел бауырындағы баласын осындай сомаға бағалаған. Көкейін көк қағаз тескен ана сәбиін сататындығын айтып, ғаламторға арнайы хабарландыру да қалдырған. Алайда, тасбауыр әйелдің айуандық әрекеті жүзеге аспады. Сәбиін саудалап жатқан жерінде қолға түсті.
 
Айдын Қоқанбеков, Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бөлім бастығы:
18 ақпанда бізге бір азаматша өзінің баласын сатады, деген ақпарат түсті. Ол ақпарды тексере келе, С. есімді азаматша, 14 ақпанда перзентханада босанып, бүгін 6000 АҚШ долларына сатпақшы болғаны белгілі болды.
 
Соңғы жылдары елімізде жаға ұстарлық мұндай жағдай жиелей түскен. 2012 жылмен салыстырғанда, былтыр бұл көрсеткіш 12 есеге артыпты. Сәби саудасынан, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр.
 
Тек былтырдың өзінде мұнда 9 бала сату фактісі тіркелді. Ал, екінші орынға 3 сәби сату дәйегімен Алматы облысы орнықты. Сондай-ақ, Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары да қалыс қалар емес. Мұнда 2 бала сату фактісі тіркелген.
 
Берік Әбішев, ҚР Бас прокуратурасы екінші департаментінің басқарма аға прокуроры:
Еліміздегі 100 ерлі-зайыптының онында әйелдердің бала көтермеуі немесе еркектердің бедеулігі болады. Ал, 15-і бір  немесе екі балалы. Бірақ, одан да көпбалалы болғысы келеді. Қылмыстың өршуіне осы жағдайлар да себеп.
 
Осылайша, сандарды сөйлетсек, елімізде бала саудасы көбеймесе, азаймай отыр. Мамандардың айтуынша, оған халықтың әлеуметтік жағдайы да әсер етуде. Бірақ, бір нәрсе анық. Өмірдің заңын ұмытып, өз дегенін істейтіндер басқа да заңның бар екенін ұмытпауы тиіс.
 
Берік Әбішев, ҚР Бас прокуратурасы екінші департаментінің басқарма аға прокуроры:
Озық мемлекеттердің тәжірбиесі көрсеткендей, біздегі заң оларға қарағанда жеңілірек болатын. Осыған орай, ІІМ бастамасымен адам саудасына байланысты заңға өзгерту енгізіліп, қатаңдатылды. Яғни, санкцияларына өзгеріс енді. Кей санкциялар мысалы, 5 жылға дейін болса, ол 10 жылға дейін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру болып өзгерді.
 
Бала сатып байымақ болған Алла бас бостандығынан айырылды. Ол бес жылға темір торға тоғытылды. Ең өкініштісі, өмірге келмей жатып өгейлік сезген мына сәби жетімдер үйіне жіберілді.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ 

Хабарламаларға жазылу