Шығыс Қазақстандағы азық-түлік бағасы жастардың да жіті бақылауында болады. Бұл үшін облыстағы жастар басқармасында 5 мобильді топ құрылды.
Топ мүшелері аптасына екі рет қаладағы ірі сауда орындарына барып, күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын қадағалайды. Олар бұл жұмыста қазіргі заманның ақпараттық технологияларын қолдануда.
Нақты айтқанда, тауарлардың бағасын сол жерде суретке түсіріп, интернет арқылы бірден өздерінің штабтарына жібереді. Ол жақта осы бағаларға талдау жүргізіліп, арнайы диаграмма жасалады.
Әзірге жастар басқармасының мобильді топтары Өскемен қаласында жұмыс істеп жатыр. Жақын арада, аудандағы белсенді жастар да азық-түлік бағасына мониторинг жүргізеді деп жоспарланған.
Арайлым Есімбекова, облыстық «Жастар» орталығының директоры:
Мобилді топ сол жерден суретке түсіріп, жазып алады. Ол ақпарат ортақ штабта жинақталады, сол бойынша біз талдау жасаймыз. Егер қандай да бір мөлтек ауданда бағаныңөсуі болса, жергілікті органдарға хабарлайтын боламыз.
Берік КӨШЕРБАЕВ